Әлемдегі ең бірінші банк 1157 жылы Венецияда италиялық кәсіпкердің бастамасымен ашылған. Алғашында қаржыдан қиналған елге ақшалай жәрдем жасап бастаған ұйым артынша пайыз қосып пайдаға кенелген. Содан бастап ашкөздікке басқан адамзат әлі күнге бір-бірін қанап келеді, ақша берсе үстемақысын санап келеді.
Қазір қарыз атты қамыт киюдің тағы бір тың жолы шыққан. Ол қалтасы қалың азаматтардың сейфтерге сақтап қойған ақшасын досына, туысына, әріптесіне қолхат арқылы пайызбен қарызға беруі. Банкке белшеден берешек болып, жеңіл несие беретін арамтамақтардан қашып-пысып жүрген жұрт осылайша таныстарынан қолма-қол қаржы алып шатылып жүр. Тіпті, мұны кәсіп қылып, қолда бар қымбат затыңды кепілге қойсаң пайызбен ақша беруге дәніккендердің жарнамасы әлеуметтік желіні жарып тұр.
Бүгінде қажетімді өтеймін деп қарыз алып қолда бардан қағылып қалғандарда да есеп жоқ. Тақырыпты Гүлжазира Ғалиқызы тарқатады.