Түбі түркіге ортақ Жаңа жылды біз қалай тойлаймыз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түбі түркіге ортақ Жаңа жылды біз қалай тойлаймыз?

24.03.2018

Осы аптада Жаңа жыл босағамызды аттап, азаматын ат үстінде таныған түбі түркі жұрты бір жасап қалды, расында. Қазақ үшін бұл мерекенің орны бөлек, маңызы ерек. Ақын Дидар Қамиев айтыста:

«Болған соң Алаш ұлы асқақ үнді,

Наурыз деп бастаймын дастанымды.

Бірақ қазір төл мейрамың еленбей қап,

Қадірленіп жатқан жоқ басқа құрлы.

Жаңа жыл деп желтоқсанда жүгіреміз,

Содан тауып алардай асқан үлгі.

Отыз бірінші желтоқсан таянғанда,

Сауыңнан көп көресің мастарыңды.

«Шампанский» атамыз шырша айналып,

Иә, Алла, ашық ет деп аспанымды.

Наурызды Жаңа жылдан артық көрсек,

Ешкім кесіп алмас ед бастарыңды», - деп түйіндеп еді. Наурыз келсе осы, қазақтың Жаңа жылы «жетім қыздың тойындай» өтпесін деп жанталасамыз. Желтоқсанда шырша шауып, миллиондаған теңгені мереке үшін деп рәсуа қылатын әкім-қаралардың Наурызды атап өтуге деген қам-қарекетіне  қынжыламыз. Жаңа жылдың келгенін «жансызда, Самарқанның көк тасы біледі, жандыда балық біледі», депті бұрынғылар.

Ұлыстың ұлы күнін бабаларымыз Наурыздама деп атапты. Той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстап әкеліп, бір керсен суға салып, көптің алдына қояды екен. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай қарындары жалтырап, теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Сол кезде патшалар барабан соқтырып, «Ескі жыл шықты, Жаңа жыл келді» деп хабар таратқан. Наурыздаманы 8 күн тойлатқан. Бәйге беріп, палуан күрестіріп, әбден қызыққа батқан жұрт сегізінші күні Қожа Баһауалдин әулиенің қасындағы хауызға қант төгіп, су қант татығанда жаппай ішкен. Ол суды «той тарқар» деп атапты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыздама» еңбегінде осылай жазып қалдырған. Біз төл Жаңа жылымызда ешкім шектеу қоймаса да, неге тамыры тереңге кеткен салттарымызды сырт айналып өтуге бейілміз?!

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу