Түркі елдеріне ортақ телеарна ашу ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі елдеріне ортақ телеарна ашу ұсынылды

19.05.2014
Түркі елдеріне ортақ телеарна ашу ұсынылды
Түбі бір түркі елдеріне ортақ телеарна ашу керек. Бүгін Астанада өтіп жатқан «Түркі жазуы күні» халықаралық форумында осындай ұсыныс айтылды.
 
«Әлі күнге дейін түркі халықтарының ортақ тарихы жазылған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез жетті. Ортақ тарих дайындалып, оқытылуы керек. «Күлтегін» сыйлығын әлемдік деңгейге көтеріп, түркі жұртына ортақ жүлде ретінде тағайындау қажет. Нобель сыйлығымен деңгейлес болғаны жөн. Сонымен қатар, түркіге ортақ телеарна ашу мәселесі де өзекті», деді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
 
Бұл істердің барлығын Қазақстанда құрылған Түркі академиясы шеңберінде жүзеге асырған жөн дейді түркологтар.
«Өкініштісі - бүгінге дейін түркі елдерінің басын қосып, сауда-экономикалық одақ құра алмадық. Енді түбі бір туыстас елдерімізді біріктіретін жобалар осы «Түркі жазуы күні» мерекесінен бастау алады деп үміттенеміз», - деді Қырғыз Республикасы экс-мемлекеттік хатшысы, Манас университетінің профессоры, түркітанушы Османакун Ибрагимов.
 
Еске сала кетейік, биылдан бастап, Қазақ елі 18-мамырды «Түркі жазуы» күні ретінде мерекелейтін болады. Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18-мамыр «Түркі жазуы күні» деп жарияланды. Үкімет те бұл шешімді ресми түрде бекітті. Осы күнге орай Түркі академиясының ұйымдастыруымен мамырдың 19-20 күндері Астана қаласында «Түркі жазуы күні» атты халықаралық форум өтуде.
 
Түркі академиясы ұйымдастырған шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және ТИКА халықаралық ұйымы қолдау көрсетті. Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Ресей және өзге де түркітілдес елдерден көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, дипломаттар қатысуда.

 

 

Хабарламаларға жазылу