Киноны ермек қылғандар шала шығармаларымен қанша ақша тауып жүр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киноны ермек қылғандар шала шығармаларымен қанша ақша тауып жүр?

24.02.2018

Қазақ киноөндірісінің жылына 1 миллиард доллардан астам қаражат әкелетін Болливудтан асып түскенін кім қаламасын?! Бірақ, өзге ел шығармаңды балға үймелеген арадай талап әкету үшін сапалы дүниенің қажеттігі айтпаса да белгілі. Әйтпесе, «Қазір интеллектісі есектен сәл жоғары бір шоумен кино түсіріп жүр. О, тоба…». Бұл менің сөзім емес, Қазақстанның Халық әртісі, кинорежиссер, кинодраматург Талғат Теменовтың айтқаны.

Газет, журнал оқитындар да, интернеттің «инесіне» отырғандар да осы цитата шығысымен «Теменов интеллектісі есектен сәл жоғары шоумен деп кімді айтты?» деген сұраққа жауап іздеп әлек. Нұсқа көп, пікір пішен.

Осы тұста әлемде кино атаулы пайда болғалы ең көп пайда тапқан фильмдердің тізімі жасалды. Бірінші орында 2009 жылы жарыққа шыққан «Аватар». Кассасы 2 787 965 087 долларды құраған. Екінші сатыда 1997 жылы көрсетілген «Титаник». 2 187 463 944 доллар пайда түсірген. Үштікті 2 068 223 624 доллар түсіммен 2005 жылы үлкен экранға жол тартқан «Жұлдызды жауынгерлер» фильмі түйіндеп тұр. Бұдан бөлек, тағы 28 кино 1,5 миллиард доллардан астам касса жинапты. Бұл тізімде темір-терсектер туралы фильмдер, жәндікті адамға айналдыратын ертегі іспетті туындылар толып жүр. Бірақ, киноөндірістің алпауыты саналатын елдер бұл саланы бір ортаға топтап, бір жүйеге түсірген. Мәселен, қисапсыз қаражат жинайтын атыс-шабыс, фантастикаға құрылған фильмдерден түскен ақшаның бір бөлігі тарихи-танымдық киноларға жұмсалады. Бізде мұндай жүйе жоқ, бәрі өңешіне өгіз құлап кетердей өңмеңдегендердің қалтасына кетіп жатыр. Салдарынан әлемді мойындататын жібі түзу туынды тым қат.

Кинорежиссер Елзат Ескендір Оралхан Бөкейдің «Өліара» повесінің желісімен қысқаметражды кино түсіріп, оны әлемдегі «А» класты Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен халықаралық кинофестивальге апарып, бас жүлде алды. Қазақ әдебиетінің киноға берері молын мойындатып қайтты. Бірақ, біздің көрермен мұндай дұрыс дүниелерді көруге неге құлықсыз, жоқ, әлде, керісінше жұртқа жетпей жатыр ма? Киноны ермек қылғандар елді бір күндік шала шығармалармен алдап, қанша ақша тауып жүр? Жауап Еркін Съезұлының сюжетінде.

Толық нұсқа 

Хабарламаларға жазылу