Ғалым Жайлыбай: Адам Мекебаев - әдеби ортаға сөзі жеткен қаламгер (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалым Жайлыбай: Адам Мекебаев - әдеби ортаға сөзі жеткен қаламгер (ВИДЕО)

25.01.2018

Бүгінгі «Жарқын бейне» бағдарламасының кезекті саны жазушы Адам Мекебаевқа арналды.  Ол 1940 жылы 19 сәуірде Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Ол 1960 жылы Қызылорда қаласында Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсіп, 1962 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне ауысады. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының сөзінше, Адам өлеңде жазғанымен, оның атын өлең емес, проза шығарыпты. Қаламгердің азан шақырып қойған аты – Ұзақбай. Оның есімінің Адам болып аталып кетуін Бексұлтан Нұржекеұлы айтып берді.

«Әскерге кеткен ағамның аты Адам екен, соның атын өшірмейін деп Адам болдым дегенді айтты», - дейді ол. 1976 жылы Адам Мекебаевтың өлеңдер жинағы жарық көрді.  1966-1971 жылдар аралығында Қызылорда облыстық халық шығармашылық үйінің директоры болады. Оның ашаршылық туралы жазған шығармасы әуелде «Қазына сыры» деген атпен повесть болып шығып, кейінірек, «Құпия қойма» деген романға айналып қайта жазылған.

Ол республикалық «Қайнар» редакциясында, «Жазушы» баспасында, ҚазСР мәдениет  министрлігінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет еткен. 1987 жылы Мәскеудегі дүниежүзілік әдебиет институтының жоғары әдеби курсын бітірген.

Ақын Ғалым Жайлыбайдың  Адам Мекебаев  туралы айтқан ойы:

- Мен Адам Мекебаев ағамызды ертеден білемін. Оның өзінен бұрын әдеби ортаға сөзі жеткен - қаламгер.

Ал,  жазушы  Әнес Сарай жазушы шығармаларының өзгешелігі оның сюжеті мен мазмұнында деп есептейді.

Ол «Аяқталмаған айқас», «Жеті балл жер сілкінісі», «Әруақ жылаған жыл», «Топан су тасқыны» деген пьесалар және «Күйік Асар аңыз» атты драмалық поэма жазған.  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Адам Мекебаев 2014 жылдың 8 қыркүйегінде дүние салған.

Бүгінде оның әдеби мұрасын жұбайы Гүлжәмила Ескөбек сақтап келеді.

 

Хабарламаларға жазылу