Желтоқсан айынан бастап Алматыдағы қарапайым адамның аяғы тие бермейтін «Шыңбұлақ» таулы курортына күндіз барып шаңғы тебемін деген әр адамға абономент бағасы 1,5 есе өсіп 9500 теңге болған. Расында, ақылға сыймайтын ақша. Өйткені, қарапайым бір отбасы барып шаңғы теуіп, арнайы жарақты алып, тамақтанып қайтатын болса, қалталарының түбі көрініп қалатыны белгілі.
Артынша әлеуметтік желіде #бойкотшымбулак хэштегі жарияланды. Міне, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған әлемжелідегі әлеумет қолдап кетті.
«Шыңбұлақтың» басшылығы «баға неге қымбаттады?» деген сұраққа «Біз жөндеу жасадық, ақшасын еуромен төледік, сондықтан, қымбаттады. Баға тек шаңғымен сырғанаймын дегендерге өсті, жаяу қыдыратын жұртқа билет құны сол қалпы» дейді.
Бүкіләлемдік туризм ұйымы, жылда түрлі көрсеткіштер шығарып отырады. Солар биыл қысқы демалысты өткізуге ең қолайлы деген 5 жердің тізімін жасапты. Олар: Мысыр, Мальдив аралдары, Доминикан Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Таиланд.
Алты құрлықтың мемлекеттері өздеріне турист тартуға білек сыбана кірісті. Өйткені, бұл қазір өте пайдалы салаға айналды. Көрсетілетін қызмет пен бағаның сәйкестігі ескеріледі. Осы тұста біздегі тау-шатқалдарға демалыс орнын салып, бағаны аспаннан алып қоя салатындарға туризмнен аста төк пайда табу тым ерте екені анық.
Бұл саладан өткен жылы Дубай 31 миллиард доллар пайда тапқан, Лондонда туристер 19,8 миллиард доллар жұмсаған. Үштікті 18,5 миллиард доллар түсіммен Нью-Йорк қаласы тәмамдап тұр. Біздің туризмнің түсіне кірмеген мұндай қаражат қамбамызға қашан түседі? Неге Қазақстанда демалу қымбат? Еркін Съезұлы айтады...