Қазақстанда әуе билеттердің бағасы неге қымбат? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда әуе билеттердің бағасы неге қымбат?

09.09.2019

Авиабилеттің құнын арзандату аяқ астында шешіле салар оңай шаруа емес. Азаматтық авиацияға жауапты мекеме басшыларының барлығы осылай деп отыр. Шарықтаған билеттің бағасын халықтың қалтасына сай етудің амалдары қандай? Үкіметтің құрған жоспарынан не күтуге болады?

Ербол Мәндібек, тілші:

Қазақстанда ұшақ билеттерінің бағасы арзандайды деп айтылғанымен, ол іс жүзінде іске аспай келе жатқанына бірнеше жыл болды. Керісінше, жыл өткен сайын қымбаттауда. Мәселен, биыл әуе билеттерінің құны 19 пайызға көтерілген. Тіпті, қарапайым халық үшін деп құрылған отандық лоукостер FlyArystan өзі ақырында сенім үдесінен шыға алмады. Оның да билеті шарықтап кетті.

Әуе билеттерінің қымбатшылығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық айтты. Жолдауды жариялау барысында. Қымбатшылықтың себебін анықтап6 оны оңтайландыруды Үкіметке қатаң тапсырды. Осы ретте Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектен азаматтық авиацияны мазалап отырған ең басты мәселені сұрап көрдік.   

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:  

Билеттің бағасы неге қымбат? Біріншіден, ұшақтардың саны жеткіліксіз. Екіншіден, оларды лизингке алып жатыр. Лизингтің бағасы жоғары. Сосын авиакеросиннің бағасы жоғары.  

Үкіметтегілер қазір аталған үш мәселені шешуге күш салуда. Атап айтқанда, Самұрық-қазынамен бірлесіп «Air Astana» және Qazaq Air-ді капиталдандыру арқылы олардың әуе паркін жаңа ұшақтармен толтырмақшы. 2031 жылға дейін 60-қа тарта әуе кемесін алу жоспарланған. Бірінші кезекте FlyArystan тұр. Отандық лоукостерде қазір небары 2 ұшақ. Алдағы 4-5 жылда оның санын 15-ке жетізбекші.     

  Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:  

Мына екі ұшақ жетпей жатыр. Екі айға алдын ала азаматтар сатып алса, 50 пайызы 10 мың теңгенің көлемінде болады, бірақ егер бүгінгі рейске алсаңыз онда бағасы басқаша болады. 1-2 апта алдын ала алсаңыз ол билеттің құны басқаша болады.

Ұшақтың жетіспеушілігі түсінікті. Ал оған қажетті отынның, яғни авиакеросиннің мәселесі не болмақ? Бұл сұраққа Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Айбек Әлжанов жауап берді.  

Айбек Әлжанов, ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы: 

Қазір Энергетика министрлігімен авиаотын бағасын түсіру жұмыстары жалғасуда. Үш мұнай өңдеу зауыты толық модернизациядан өткен соң сұраныс толық қанағаттандырылады. Қазір онсыз да Ресейдік керосиніне тәуелділікті азайттық.

Билеттің бағасына қатысты әуекомпанияларының ешқайсысы әзірге түсініктеме бермеді. Біз олардың бір-екеуіне ресми сауал жолдап, жауап ала алмадық. Сарапшылар болса, ішкі нарықта бәсекелестіктің аздығын айтады. Нәтижесінде әуекомпаниялары нарықты өз ырқына көндіріп, қалауынша «билеп-төстеп» отыр. Рейс көп, ұшақ аз. Тұтынушыда таңдау шамалы. Президент тапсырмасынан кейін, Үкіметтегі жауапты тұлғалар ширақ қимылдап, алдағы 2-3 жылда ахуалды түбегейлі өзгертеміз деп отыр.  

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу