Тоқтар мен Бейбіттің үйленуіне септігін тигізген ән - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқтар мен Бейбіттің үйленуіне септігін тигізген ән

22.12.2017

Бүгін «Сазгер» бағдарламасының басты кейіпкері еліміздің танымал композиторларының бірі Бауыржан Өскенбеков болды.

Думанға, ашық әңгімеге толы болған хабарда Бауыржан Өскенбеков балалық шағына саяхат жасады.

Жүргізушінің «Бала күніңізде қандай болдыңыз?» деген сауалына «Жас болған соң бұзықтық болды. Бірақ, бұзықтықты өнермен жуып-шаятын едік. Мектептің атынан айтысқа қатысатынмын. Одан бірінші орын алып келетінмін. Оны көрген мектеп директоры біз үшін арнайы жиналыс ұйымдастырып, мақтайтын еді», - дейді Бауыржан Өскенбеков.

Әндері отандық эстраданың үнемі алдыңғы қатарында жүретін композитордың шығармашылық кешінде Бейбіт Сейдуалиева да ән шырқады. Ол сөзін Тоқтар Серіков жазған «Бір белгі» атты туындыны орындады.

Бауыржан Өскенбеков аталған ән «Тоқтар мен Бейбіттің үйленуіне аз да болса септігін тигізген шығар» деп туындының шығу тарихын еске алды.

Ал, Тоқтар Серіков бұл шығармаға сөз жазу оңайға соқпағанын жеткізді:

- Бұл әнге сөз жазу оңайға түскен жоқ. Себебі, сол екі ортада халық біз жайлы «үйлене ме, үйленбей бе?» деп жүрді. Оның үстіне, ана қырда мына қырда шапқылап жүргенде Бейбітті ренжітіп алсақ керек. Өкпесі қара қазандай болып жүрген кез. Екеуміз екі жаққа кетсек, «сен де сағынып өт десең, мен де сағынып өтемін бірге жүрген жақсы ғой», деп жазған әнім.

Хабарламаларға жазылу