Қазақ-қырғыз шекарасындағы қазіргі ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-қырғыз шекарасындағы қазіргі ахуал

11.11.2017

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз елінің арасындағы шекара 980 шақырымға созылып жатыр, қарыс қадам сайын күзет қою әсілінде әбестік, бірақ, контрабандалық жолмен шекараның әр аумағынан өткен тауарлардың адам өміріне қаупін естігенде естен тана жаздайды екенсің.

Заманауи техника, иісшіл иттер мен қырағы сақшылардан құралған қазақ шекарашыларының тыңғылықты тірлігі қазір қырғыз тарапын әбден титықтатып бітті. Биліктегілерінің мұртын бала шаба қоймас, қарапайым жұрты сең соққан балықтай сенделіп жүр. Тіпті соңғы күндері Қырғыз Республикасының әр аймағында тұрғындар митингке шығып жатыр.

Талас облысындағы халықтың толқуы. Олар ресми Бішкектен кедендегі кедергілерді дереу жоюды талап етуде. Халық толқыса, хан тағынан таятынын біз айтпай-ақ білетін қырғыз үкіметі әзірге шекарадағы өздері жіберген шикіліктерге өзгелерді айыптаумен әлек. Сарапшылар болса, бұл айыр қалпақты елдің онсыз да енжар экономикасын әбден тұралатып тастауы мүмкін екенін айтады. Бір ғана мысал, соңғы 5 жылда Қырғыз Республикасының сыртқы қарызы 32 пайызға өскен.

Шекарадағы ахуал өлеңмен шешілмейді әттең, әйтпесе Бішкектегі биліктің айтуы тиіс сөздерін Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген ақыны Жеңісбек жақсылап жеткізді. Біздің тараптың ұстанымы бұрынғы, ресми рәсімделмей жалған құжаттармен жөнелтілетін тауарларды жойып, кедендегі тексерісті күшейтсе болды. «Көрші ақысы - Тәңір ақысы» дейтін қазақ. Біздің билік айыр қалпақты ағайынды тұқыртайын деп, білек сыбанып отырған жоқ.

Көршілер кемшіліктерін түзетсе, мүмкін арадағы шекара келешекте Нидерланды мен Белгиядай болып қалар. Олардың арасын Барле ауылы бөліп жатыр. Кей жерде шекара сызығы ғимараттарды қақ жарып өтеді. Ешқандай тосқауыл жоқ. Болмаса Чехия, Германия, Польша үштігі үлгі. Қарт құрлықтағы үш елдің шекарасын кішкентай өзен ғана бөліп тұр.

 

Ал, бізде ше?  Қырғыз елі кедендегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерін доғарса болды. Әйтпесе, шекара деген қарапайым елге шыны сынды, бар екенін білеміз бәріміз, кедергі жоқ тәрізді көрінеді, ондағы жағдай шиеленіспей жіті назар сала қоймаймыз. Дәл қазір қазақ-қырғыз кеденінде не болып жатыр, жағдай қалай? Арнайы барып зерттеу жасаған «Мәселенің» журналисі Сәбит Әлдебай айтады.

Хабарламаларға жазылу