Қазақтың жастары неге жаппай шетел асып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың жастары неге жаппай шетел асып жатыр?

21.10.2017

Өткен аптада мәмілеге дайын тұратын, бір мәселеге қатысты дауыс берсе, бәрі бірауыздан қолдап кететін Мәжіліс депутаттары тың тақырыпты төтесінен тастады. Мектепті тәмамдаған қазақтың жасөскіндері оқу үшін жаппай шекара асып шетел кезіп кетіп жатыр деп дүрсе қоя берді. Депутаттардың қолында ақпарат та аста-төк екен, басқасын былай қойғанда 2014-2015 оқу жылдары іргедегі Ресейге 75 мың қазақтың қаракөзі кетіп студент атанды деп онсыз да сыннан көз ашпайтын Білім және ғылым министрлігін іреп салды.

«Ақылы бар жастардың жаппай кетуіне біздегі сынақтардың тым ауырлығы себеп» деді Мәжіліс депутаттары. Ұлттық тестілеу орталығы студент атануға талаптанған талапкерлердің алдына кесе көлденең тасталатын кешенді тестілеуден 50 пайыз үміткердің омақаса құлайтынын айтты. Кейбірі тіпті 110 балл жинап гранттан қағылған талапкерлерді басқа мамандыққа тегін оқыту керек деген ұсыныс тастады. «Өйткені, біздегі ақылы оқудың ақысы ақылға сыймайды. Тым қымбат, айлығы шайлығынан артылмайтын қарапайым ел оны қайдан төлеп берсін!»-деп біздің депутаттар шүйлікті.   

Мәжілісте білімді жастардың амалсыздан шекара асып кетуге мәжбүр екені айтылғаны сол-ақ екен, Азаматтық авиация комитетінің білдей маманы ғаламтор парақшасында көштен қалмай көп сын айтты. Қазақтың 100-ден астам ұшқышы қазір өзге елдерде қызмет қылып жатқанын, көкті түсінбейтін көпшіліктің нағыз майталман мамандардың миын мипалау қылып жіберетінін, ұшаққа керек адамға құшақ-құшақ қағаз толтыртып қоятынын, таусылмайтын тестті тапсыруға мәжбүрлейтінін жазып, авиация саласын әбден сөзбен сабап алды.

Көк аспандағы темір техникалар туралы түгел білетін, аталмыш саланың білдей қызметкерінің бұл жазбасындағы ең басты  қорқыныш - соңында келтірілген статистика. Елімізде болған соңғы үш әуе апаты кезінде ұшақтардың тізгінінде Украин, Беларусь және Қырғызстанның ұшқыштары отырған. Бірін-бірі сынаған шенеуніктердің тартысында кімнің асығы алшысынан түсті, қазақ жастарын тегін оқу іздеп тентіретпеудің жолы табылды ма? Тақырып тізгіні Нұрбек Бекбауда...

 

Хабарламаларға жазылу