Қазақ анимациясының 50 жылдығына орай байқау жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ анимациясының 50 жылдығына орай байқау жарияланды

06.08.2017
Қазақ анимациясының 50 жылдығына орай байқау жарияланды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы  және «Жас өркен» серіктестігіне кіретін «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары бірлесе отырып, жас суретшілер арасында «Менің сүйікті мультфильмім» атты шығармашылық байқау жариялайды. 

Қазақ анимациясының 50 жылдығына арналған сурет бәйгесі «Мен жақсы көретін қазақ мультфильмі» және «Менің қиялымдағы кейіпкер» атты екі номинациядан тұрады.

Алғашқы номинацияда қатысушылар қазақ анимациялық мультфильмдерінің желісінде салынған суреттерін немесе комикстерін жібере алады. Екінші аталым бойынша үміткерлердің өз қиялынан туған, ертегі, аңыз-әңгіме мен мифтік кейіпкерлері бейнеленген шығармашылық жұмыстары қабылданады.

Суреттерді салуда жанр бойынша еркіндік беріледі. Шетелдік мультфильмдер мен кейіпкерлері негізінде салынған туындылар қабылданбайды.

Байқауға еліміздің барлық мектеп оқушылары қатыса алады.

Жұмыстар 2017 жылдың 15 қазанына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы «Ұлан» газетінің 24-қазан күнгі санында жарияланбақ. Сонымен қатар, үздік жұмыстар «Ақ желкен», «Балдырған» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерінде жарық көреді.

Байқау суреттерін «Қазақфильм» АҚ Анимация бөлімінің мамандары бағалайды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырылады.

Хабарламаларға жазылу