«Таңшолпан». Әлемдегі ең танымал субұрқақтар (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». Әлемдегі ең танымал субұрқақтар (ВИДЕО)

01.08.2017

Әлемнің кез келген қаласынан көшеге сән беріп тұратын субұрқақтарын кездестіруге болады. Бірі билеп тұрса, бірі ән айтады. Ендеше ең әдемі әрі ерекше субұрқақтардың топтамасымен таныс болыңыздар!

Дубайдағы субұрқақ бір мезгілде би билеп, ән айтады. Осы ғажайып туынды іске қосылғалы бері қалаға миллиондаған турист келіпті. Субұрқақ адам сенгісіз әдеме пішіндер мен мүсіндерді жасай отырып, суды 150 м биіктікке дейін көтереді.

Әлемдегі ең үлкен су бұрқақ 2009 жылдың 8 мамырында ашылды. Тамаша туындыны жасау үшін 218 млн доллар қаржы жұмсалып, 50 түрлі-түсті жарық орнатылыпты. Фонтан музыка ырғағымен билеп, көптің көзайымына айналды.

 

Адамның бас мүсіні негізінде жасалған субұрқағы АҚШ-ң Солтүстік Каролина штатында орналасқан. Оның салмағы 14 тоннаға дейін барады. Ал ұзындығы - 7,6 метр. Субұрқақ арнайы компьютерлік бағдарламамен басқарылып, 360 градусқа бұрылады. Ол айна шынымен безендірілген.

Барселонадағы сиқырлы субұрқақ каталондық инженер Калос Уйигос жасаған туынды. Бір қарағанда сиқырлы фонтан шынымен билеп тұрғандай әсер қалдырады. Әр көрсетілімдегі қимыл мен пішін қайталанбайды. Алғашында субұрқақ қолмен басқарылған. Қазір барлық міндет толықтай автоматтандырылған.

Тағы бір үлкен және ерекше ән салатын субұрқақты Лас-Вегасқа жолыңыз түссе тамашалаңыз. Ол 5 жұлдызды «Велладжио» қонақ үйін жағалай ағатын 400 метрлік жасанды өзенде орналасқан. Субұрқақ 80 метр биіктікке көтерілетін 1175 су сорғалағыштан, 1500 шамнан тұрады. Лас-Вегастың ғажайып, әнші субұрқағына 40 млн астам қаржы жұмсалған.  

Хабарламаларға жазылу