«1 студия» саяси ток-шоуының бүгінгі шығарылымы әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны туралы болды.
Бағдарлама қонақтары – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласын бақылау басқармасының басшысы Азамат Қабдешев, «Қазақстан КВН одағының» президенті, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы Есен Елеукен, Qamshy.kz сайтының жетекшісі Біләл Қуаныш, жаңа медиа маманы, IT-сарапшы Тимур Бектұр.
Бағдарлама барысында студия қонақтары әлеуметтік желілердің маңыздылығы жайлы сөз қозғады.
Есен Елеукен:
Әлеуметтік желілерде жастар көп отырады. Жалпы, мен оларды не қызықтыратынын біліп отыруым керек. Ойынды насихаттау және басқа да бағыттар үшін әлеуметтік желілердің орны ерекше. Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Өкінішке қарай, кей жағдайда даулы тақырыптар да болып жатады. Дұрыс пайдалана білсек, өте керек дүние.
Ал, Біләл Қуаныш әлеуметтік желіні оқырман тарту құралына айналдырғанын және желілердің басты артықшылығы - оның тәуелсіздігінде екенін айтып өтті.
IT-сарапшы Тимур Бектұр халық жаңа медианы, әсіресе, әлеуметтік желіні құрал ретінде дұрыс қолданып отырғанын, керісінше, ел Үкіметінің қолдана алмай жатқанын айтады.
Осы тұста ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басқарма басшысы Азамат Қабдешев ведомствоның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. «Министрлік ақпараттық кеңістікке тұрақты түрде мониторинг жасап отырады. Соның нәтижесі бойынша заңға қайшы материалдар табылып жатқан жағдайда иелеріне ескерту хаттарын жіберіп отырамыз».
Сонымен қатар, хабар барысында әлеуметтік желіні қолдану тәртібі, қоғамның санасын бұзатын ақпараттар жайлы пікірлер айтылды.