Алматыда академик Оразалы Сәбденнің 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда академик Оразалы Сәбденнің 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

01.06.2017
Алматыда академик Оразалы Сәбденнің 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Алматыдағы Ғылым ордасында белгілі ғалым, академик Оразалы Сәбденнің 70 жылдығына арналған «Инновациялық экономика және қоғамды ізгілендіру: әлем және Қазақстан» атты  халықаралық конференция өтті.

Алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар XXI ғасырдағы әлемнің дамуына байланысты өз пікірлерін ортаға салып, дағдарыстан шығу жолдары туралы ұсыныстар қабылдады.  Инновациялық экономика мен рухани даму мәселелеріне негізделген бұл ұсыныстар тиісті билік органдарына жіберілді.

Ғалымдар осы орайда Оразалы Сәбденнің 50 жылдық ғылыми еңбегіне жоғары баға берді. Оның айғағы, О.Сәбденге әлемдік деңгейдегі ғалым ретінде қатарынан 4 алтын медаль мен ордендердің берілуі:

  • Нобель сыйлығының лауреаты Сайман Кузнец атындағы алтын медаль;
  • В.И.Вернадский атындағы орден;
  • Нобель сыйлығының лауреаты В.Леонтьев атындағы күміс медаль;
  • Kultegin алтын медалі.

Ресейдің академик-ғалымы Е.А.Наумов «Мұндай  қатарынан берілген ғылыми атақтар біздің Ресейде де болған емес»,- деді. Әсіресе, О.Сәбденнің Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген «ХХI ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы және азық-түлік қауіпсіздігі» атты монографиясы мен үш тілде шыққан «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» еңбектері ерекше аталып, оларға жоғары ғылыми баға берілді.

Оразалы Сәбден 700-ге жуық ғылыми еңбегі мен 81 монографиясының ғылыми нәтижелері арқасында Елбасына және Үкіметке 30-дан астам ұсыныс хаттар жолдады. Сондай-ақ, әлемдік дағдарыстан шығу туралы ұсыныс хаттарын бүкіл G8, G20 және Біріккен Ұлттар Ұйымына жіберді.

 

Қорыта келе, шараға қатысушылар О.Сәбденнің ғылыми еңбектері тек Қазақстанның дамуына ғана емес, жалпы, әлем ғылымының алға басуына тікелей әсер беретіндігі туралы оң пікірлерін айтты.

 

Хабарламаларға жазылу