Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақтардың V Дүниежүзілік құрылтайын өткізуге дайындық бойынша Ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті.
А.Мамин 1992 жылдан бері бес жылда бір рет Құрылтай өткізілетіндігін айтты. Биыл бесінші Құрылтай 22-25 маусым аралығында астанада өтеді. Шараның салтанатты ашылуы 23 маусым күні Назарбаев Университетінде болады. Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлованың, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашевтің баяндамасы тыңдалды.
А.Райымқұлованың айтуынша, бесінші Құрылтайға әлемнің 38 елінен қазақ диаспорасының 350 шетелдік өкілі, 370 қазақстандық интеллигенция мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының өкілдері қатысады.
Құрылтай аясында «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» халықаралық конференциясы өтеді, делегаттар үшін астананың көрікті жерлеріне, ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесіне, «Этно-ауыл» кешеніне саяхаттар ұйымдастырылады. Бірқатар министрліктерде дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Астана және Алматы қалаларының әкімдігі мен мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
А.Мамин Құрылтайды жоғары деңгейде өткізу керектігін атап өтті.