Астанада 22-25 маусым аралығында Дүниежүзі қазақтарының  V құрылтайы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 22-25 маусым аралығында Дүниежүзі қазақтарының  V құрылтайы өтеді

14.06.2017
Астанада 22-25 маусым аралығында Дүниежүзі қазақтарының  V құрылтайы өтеді

22–25 маусым аралығында EXPO-2017  көрмесі аясында  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өтеді. Құрылтай бағдарламасының негізі ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған.

Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегат пен қонақ қатысады, оның ішінде 350 адам алыс-жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келеді. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатыспақ.

750 делегат пен қонақтың басым көпшілігі ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері болып саналады.

Бұған дейінгі төрт құрылтайға қатыспаған әлемнің сегіз елінен V Құрылтайға делегаттар мен қонақтар келіп отыр. Олардың қатарында Жапония, Корея Республикасы, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Әзірбайжан, Молдова елдері де бар.

Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олар дені – түрлі елдердегі және Қазақстандағы жастар ұйымдарының, студенттік бірлестіктерінің көшбасшылары, магистранттар, докторанттар және жас мамандар.

Құрылтай аясында тұңғыш рет «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды» атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

Хабарламаларға жазылу