Ұлттық арна эфиріндегі «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі әрі жоба жетекшісі Нартай Аралбайұлы «Таңшолпан» төрінде қонақта болып, бағдарламаның көтерер жүгімен бөлісті.
«Бағдарлама атауын «Мәселе» деп қойған соң үдеден шығайық, діттеген мақсатқа жеткізейік деген дүние болды. Біз мәселені мақұлмен емес, ақылмен шешуге келістік. Бағдарламаның мақсаты - мұқым елдің мұңын, қарапайым қарашаның басындағы мәселелерді мінбердегілерге жеткізу. Шынайы журналистика «төртінші билік» дейтін бейресми атауы бар, билік пен халықтың арасындағы көпір дейтін болсақ, сол көпір болуға аз да болса қызмет етейік деп жатқан жайымыз бар», - дейді Нартай Аралбайұлы.
Ол сонымен қатар, осы уақытқа дейін хабардың 7 шығарылымы эфирден өткенін айта келе, «Мәселенің» ұжымымен таныстырып, болашақта шығармашылық топ толығатынын да жеткізді.
Журналист тарапынан қойылған «Осы уақытқа дейін бұқараның жанайқайын билікке жеткізе алдым деп ойлайсыздар ма?» деген сауалына Нартай Аралбайұлы тұщымды жауап берді.
«Қарапайым елдің мұң-мұқтажы үнемі биліктің назарында, ол біреудің жеткізуін талап етпейді. Екінші жағы бар, қалай жетіп жатыр деген. Сол тұрғыда біз елдің басындағы мәселенің дұрыс бұрмаланбай, бояусыз, бүкпесіз, ашық, айқын дәлелмен жетуіне қызмет етіп жатырмыз», - деді.
Сондай-ақ, жоба жетекшісі бағдарламаның алда қозғар тақырыптарымен де бөлісті.
Айта кетейік, «Мәселе» бағдарламасы әр сенбі күні 20:00-де Ұлттық арна эфирінде өтеді.