Мекемтас Мырзахметов: Абай біздің ұлттық санамыздың тірегі (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мекемтас Мырзахметов: Абай біздің ұлттық санамыздың тірегі (ВИДЕО)

27.04.2017

«Айтуға оңай...» бағдарламасының кезекті шығарылымы Президент Жарлығы бойынша қозғалған ұлттық сана тақырыбына арналды.

Қазіргі ұлттық санамыз қай деңгейде? Бұл сауалға студияда қонақта болған филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов былайша жауап берді.

«Қазіргі қазақ өзінің ұлттық санасы мен ұлттық жадынан айырылған халық. Себебі, кезінде Орталық бұл мәселені үнемі тұншықтырып отырды. Егер тұншықтырмаса, халықтың санасы оянып кетеді. Ұлттық санасы оянып кеткен халықты ұстап тұра алмайды. Сол себепті Орталық партия комитетінің 40-жылғы космополитизм туралы қаулысында қойылған мәселе «өткеніңді таныма, батыс пен шығысқа бас игендерді талқандаймыз» болды.

Яғни, шығыс туралы бір сөз айтуға болмайды. Абайдың шығысы содан кейін мүлде жабылып қалды. Бұл жасырын тақырып, оған ешкім бармайтын болды. Бірақ, мен «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деген еңбегімде Абайдың шығысы туралы тақырыпты көтердім. Өйткені, Әуезов «Абайдың шығысы батысынан басым» деп айтқан.

Бұл мәселеде Мұхтар Әуезовті сөйлетпейді, өзін айыптайды. Бірақ ол, «Менің айтып отырған шығысым – кеңес халқының қарт классиктері. Араб, парсыны серпіп тастау керек, ол ескі», деп әдіс тауып құтылады. Одан кейін Әуелбек Қоңыратбаев деген ғалым Абайдың дүниетанымына 1-2 мақала жазды. Сол үшін оны қаладан қуды. Қызылордадағы жеті жылдық мектепке есекке мініп барып жүріп, сабақ берді. Содан кейін Абайдың шығысы мүлде қалды. Ал, Абай біздің ұлттық санамыздың тірегі. Абайды білмейінше, қазақ әдебиетін білдім деуге болмайды»,-дейді ғалым.

«Айтуға оңайдың» толық нұсқасы

Хабарламаларға жазылу