Әйгерім Жүнісова: «Анашым, мені қалдырма...» телехикаясына түсуге әкем қарсылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әйгерім Жүнісова: «Анашым, мені қалдырма...» телехикаясына түсуге әкем қарсылық білдірді

26.04.2017
Әйгерім Жүнісова: «Анашым, мені қалдырма...» телехикаясына түсуге әкем қарсылық білдірді

«Анашым, мені қалдырма...» телехикаясының сюжеті өмірден алынған. Яғни, Аналар үйінің қамқорлығындағы қыздардың тарихы телетуындыға айналды.  Бұл пікір бүгін «Шалқар» радиосындағы «Таңжарық» бағдарламасында айтылды.

 

Радиобағдарламада Семей қаласындағы «Аналар үйінің» үйлестірушісі Айнагүл Ғалымбекқызы мен актриса Әйгерім Жүнісова қонақта болып, телехикая туралы өз ойларымен бөлісті.

 

«Аналар» үйі  үш жылдан бері біздің қоғамдағы «Ұят болады» деген түсінікпен күресіп келе жатыр. Осыдан біздің жас аналар туыстарын және қоғамның айыптауынан қорыққандықтан балаларын тастап кетіп жатыр. Өйткені, оларды көпшілік түсінбейді.  Біздің орталыққа түсетіндердің көпшілігі - жасөспірімдер.  Шамамен 14-15 жастағы оқушылар және 30-ға толмаған жас келіншектер. Олардың дені – балалар үйінің түлектері, ата-анасыз қалған жастар.  Жалғыз қалған аналардың  91 пайызы - қазақ қыздары болса, 9 пайызы - басқа ұлт өкілдері. Сериал көпшілікке ұсынылғаннан кейін жастар өз бастарынан өткен оқиғаларын ортаға салуда», - дейді Айнагүл Ғалымбекқызы.

 

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті  Әйгерім Жүнісова - бұл телехикаяда басты рөлді сомдаушылардың бірі. Ол телетуындыға кастинг арқылы таңдалыпты.

 

«Хикаяның сценарийі қолыма тигенде мен ойланып қалдым. Оқиға күрделі екенін түсіндім. Осы рөл маған бұйырғанын отбасыма айтқанда, әкем қарсылық білдірді. Анам қолдады. Бірақ, көп ойландым. Кейін киноға түсуге келісімімді бердім», - дейді актриса.

 

Айта кеткен жөн, туынды көрерменге  22 сәуірден бастап Ұлттық арна арқылы жол тартты. Осы уақытқа дейін киносүйер қауым 8 сериясын тамашалап үлгерді.  Алда 8 бөлім бар.

 

Телехикая сенбі-жексенбі күндері 15:10-да көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу