Саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алған мезгілде Қазақ Президентінің ұлттық жаңғыруға бет бұруының себебі неде?
Бұл сауалға Қазбек Майгельдинов былайша жауап берді:
«Бұл сауалға бір ғана мысал келтіре кетейін, көршілес Ресей мемлекеті кеңестік үкімет құлағаннан кейін, 25 жыл ішінде көптеген идеологиялық бағдарламалар қабылдауға тырысты. Соның бірегейі ретінде қазір «Орыс әлемі» («Русский мир») идеологиясы жүргізіліп отыр. Бұл саясат бір жағынан бізге де керітартпа саясат ретінде әсер етуде. Өйткені, орыстандыру саясаты бізді әлі күнге дейін басып отыр. Осы тұрғыда біздің ұлттық мүддемізді, ұлттық бірегейлігімізді көрсету үшін осындай бағдар қажет болды.
Екінші жағынан, әлемдік тарихқа қарайтын болсақ, үш жүз жылдық тарихы бар АҚШ сол үш жүз жыл бойы бір ғана идеологиямен келе жатыр. Ол «American Dream» яғни, «Америкалық арман» деген идеологиямен әлі күнге дейін өмір сүріп келеді.
Қазақстанға келер болсақ, қазір біздің жыр-дастан, қиссаларымыз қазір ұмыт қалып барады. Неге? Өйткені, нарықтық заманда бір күндік дүние жоғары сатыға көтерілуде. Осы тұрғыда руханилықты ұмытпай, алға қарай ұмтылу үшін бізге осындай саясат керек болды».