Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалды қонақта болды.
Таңғы көңіл-күймен өткен сұхбат барысында актердің жақында жарық көретін «Бір сен үшін» фильмі жайлы сөз қозғалды.
Танымал актер аталған фильмнің түсірілімін бастауға 10 жылға жуық, фильм сценарийін қағаз бетіне түсіруге 2 жылдай уақыт дайындалғанын айтты.
«Жалпы, әрбір жарыққа шыққан дүниенің, мейлі кино, мейлі спектакль болсын астарында ой жатуы керек. Көрерменді толғандыруы қажет. Ойсыз дүние тек - бір күндік қана нәрсе. Бүгін бар, ертең жоқ. Ал «Бір сен үшін» фильміне келер болсақ, оның желісі сенімге, үмітке және махаббатқа құралған», - деді актер.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалдының «Бір сен үшін» атты мелодрама жанрындағы фильмі 27 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.