Кейкі батырдың бас сүйегі елге жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кейкі батырдың бас сүйегі елге жеткізілді

06.10.2016
Кейкі батырдың бас сүйегі елге жеткізілді

Бүгін таңертең Мәскеуден арнайы бортпен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы, 1923 жылы большевиктер қолынан қаза тапқан Кейкі батырдың басы елге жеткізілді.

Еліміздің танымал ғалымы, белгілі этнограф, профессор Нұрсан Әлімбай Ресейде бас сүйекті қабылдап алып, елге әкелді. Батыр баба ұрпақтары Астана халықаралық әуежайына жиналды. 

Ендігі уақытта арнайы комиссия құрылып, жерлеу рәсімі қарастырылмақ.

«Батырдың есімін қайта жаңғыртуға байланысты іс-шаралар қамтылып, алдағы уақытта нақты қай өңірде жерленетіні талқыға салынады. Халық пен батырдың туыстарының ойы екіге бөлінуде. Бірі Астанадағы Ұлттық пантеонға, келесілері Қостанай облысының Амангелді ауданындағы кесенеге қойылса деген тілектерін айтуда. Осы ретте бұл ұсыныстар қарастырылып, тиісті шешім қабылданады», - деді саясаттанушы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы.

Еске сала кетсек, жәдігерді елге қайтаруға Ресей тарапымен көп жылдан бері келіссөздер жүргізілді.

 

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы Амангелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген.

Азан шақырып қойылған есімі - Нұрмағамбет. Кейкі Жыланшық болысының алпауыты Р.Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел ауызында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.

Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші - мергендер жасағын басқарған. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсеткен.

Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны. Қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді.

Батырдың ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 

inform.kz

Хабарламаларға жазылу