
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы көрермендерге «Бұл – менің Қазақстаным!» атты жаңа телемаусым кешін ұсынады. Осыған орай бүгін Алматыда зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан жаңа телемаусымның таныстырылымы өтуде.
Кешке «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жалауқызы және Қазақстанның бір топ қоғам қайраткерлері қатысуда.
Тарқатып айтар болсақ, олардың қатарында ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесшісі Төрегелді Шарманов және ҚР Халық әртісі, актер Сәбит Оразбаев, Олимпиада чемпионы, «Әлемнің үздік палуаны» Жақсылық Үшкемпіров, ҚР Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, белгілі ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы бар.
Кеш барысында сөз алған Басқарма төрағасы Нұржан Жалауқызы жиналғандарға алғыс білдіре келе, «Қазақстан» Ұлттық арнасының 2016-2017 жылдардың жаңа маусымына арналған тұсаукесерін өткізу – корпорация үшін бір жағынан үлкен жауапкершілік болса, екінші жағынан мерейлі міндет екенін айтты.
«Алматы қаласында Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойы қарсаңында мерекелік маусымдағы бағдарламалар мен телетуындыларды таныстыруды азаттыққа бесік болған ару қаладан бастағанды дұрыс деп санадық.
Екіншіден, бірер күннен кейін Алматы өзінің 1000 жылдық тойын өткізеді. Он ғасыр бойы тарихтан ойып тұрып орын алған қаланың қуанышына үлес қосуды өзіміздің азаматтық парызымыз, деп білеміз.
Үшіншіден, сонау 1958 жылы телевизия саласына бесік болған – осы қала. Бірнеше жылдан бері біздің корпорация тұрақты түрде ел ордасы Астанада жұмыс істеп жатқанымен, Алматы біздің ұжым үшін ұшқан ұя, түлеткен ыстық мекен деп саналады.
Тағы бір себепті айта кетейін, біздің Ұлттық арнамыз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша барлық хабарды мемлекеттік тілде таратып келе жатқанына биыл 1 қыркүйекте 5 жыл толды. Ұлттың зиялы қауымының қаймағы Алматыда топтасқан соң біз қазақ тіліндегі жаңа және жаңарған бағдарламаларымыз бен енді түсіріліп біткен телесериалдарымызға өздеріңіздің ақ баталарыңызбен бастағанды жөн көрдік»,-деді.
&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/111222/)