Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтеді

29.08.2016
Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтеді

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы өтеді.

Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын аталып өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында өтеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияда сөйлейтін сөзі жиынға қатысушылар назарын тартатын басты оқиға болмақ.

Форум барысында жалпы отырыс, сондай-ақ «БҰҰ және қарусыздандыру үдерістері: келешегі қандай? «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі», «Ядролық тежеуден бас тарту - халықаралық қауіпсіздіктің жаңа сипаты», «Ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлемнің географиясы», «Ядролық қарусыздану саласындағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыптары бойынша төрт панельдік сессия өтеді. Конференцияның қосалқы ұйымдастырушысы Ядролық қаруды таратпау және жою жолындағы парламентшілердің (PNND) халықаралық ұйымы.

Айта кеткен жөн, басқосуға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парламенттік қоғамдастықтың мүшелері мен сарапшылар қатысады деп күтілуде. Сала мамандары қарусыздану және ядролық қаруды таратпау секілді өзекті мәселелерді талқылайды.

Форумға қатысушылар ядролық қаруды қолдану және сынау құрбандарын еске алып, қарусыздандыру және таратпаудың өзекті мәселелерін қарайды және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсыныстар айтады деп күтілуде.

Конференцияны ұйымдастыру комитетінің басшысы, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы жаһандық маңызы бар күн.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып іс жүзінде мойындалған тұлға. Оның Семей ядролық полигонын толықтай жабу туралы шешімі әлемдік қарусыздану тарихында алғашқы және соңғы мысал болып табылады. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізінде қарусыздану идеясы жатыр. Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы -жер бетінде орнықты әлем құрудың бірінші кезекте маңыздылығы және қауіпсіздік проблемаларына жаңа бірлескен шешімдер ұсыну туралы бүкіл әлем қауымдастығына ойланудың ең оңтайлы мүмкіндігі», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Астана конференциясына БҰҰ Бас Хатшысының Орынбасары, БҰҰ Женева Бөлімінің Бас Директоры, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Майкл Мёллер, Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Парламентаралық одақтың Президенті және PNND тең төрағасы Сабер Чаудхари, Панафрикалық Парламенттің Президенті Роджер Нкодо Данг, Болгарияның Вице-Президенті Маргарита Попова, Маршалл аралдары Нитиджелінің (Парламент) төрағасы Кенеф Кеди, Фиджи Парламентінің төрағасы Жико Фатафехи, Еуропа комиссиясының бұрынғы Президенті және Италия Премьер-министрі Романо Проди, Израильдің бұрынғы Премьер-министрі Эхуд Барак, Аустрияның бұрынғы федералдық канцлері Альфред Гузенбауэр, Польшаның бұрынғы Президенті Александр Квасьневский, Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Намибия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Нетумбо Нанди-Ндаитвах, Корея Республикасының қосылу министрі Хон Ён Пё, Пагуош ғылым және халықаралық істер қозғалысының Президенті Джайантха Дханапала, Әлемдік діндер Парламентінің Төрағасы Имам Абдул Малик Муджахид, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін салушы Олжас Сүлейменов, басқа да халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда елуден астам елдердің белгілі діни қайраткерлері қатысады.

Астана конференциясында қорытынды құжат қабылданатын болады.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу