Шыбын-шіркей Петропавл тұрғындарының мазасын қашыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шыбын-шіркей Петропавл тұрғындарының мазасын қашыруда

25.05.2016
Шыбын-шіркей Петропавл тұрғындарының мазасын қашыруда

Маса петропавлдық тұрғындардың мазасын алып жатыр. Қансорғыштың  көбейгені соншалық, тұрғындар далаға шығудан қалған. Мамандар болса, мұны көктемгі су тасқынынан кейін ылғалдылықтың тым жоғары болуынан дейді.

Александр Кондратов кешкі мезгілде баспанамның қапырық болып, ауа жетпей қалатынына қарамастан, терезелерді жауып қоюға мәжбүрмін, дейді. Өйткені, сәл ашсаң болды әп-сәтте маса толып, дамыл бермейді екен.

«Терезенің торын ашып отыра алмаймын. Өйткені кешкі уақытта маса толып кетеді де, үйге кіріп мазамызды қашырады», - дейді қала тұрғыны Александр Кондратов.

Десек те, мамандар масаны улау жұмыстары күнделікті  таңертеңгілік уақытта жүргізіледі дейді. Күніне шамамен 15 гектар аумаққа дәрі себетіндерін айтады. Бұл негізінен қаланың орталық көшелері мен саябақтары екен. Ал бір қызығы, дезинфекциялық өңдеу жұмыстары қала іргесінде тек сәуір айында ғана жүргізіліпті.

«Дәрі сепкеннен кейін 30 минутта маса қырылуы қажет. Бірақ басқа жерден ұшып келетіндері тағы бар. Олар 10 шақырым жерден ұшып келуі мүмкін. Біз бәрібір бүкіл аумаққа дәрі сеппейміз ғой. Маңайдағы өзен-көлдерден қайта келіп жатыр», - деп түсіндірді аға дезинфектор Татьяна Джулай.

Алайда, қала тұрғындарының көбі орталықта да масаның азайғандығы шамалы деп отыр. Сөздерінше, саябақтарда кешкі салқынмен серуендеу қиындап кеткен.

Ал тұтынушылар құқығын қорғау басқармасындағылар масаның шағуы көптеген ауруларды әкелуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Соның ішінде безгек ауруын тудыратын масалар қауіпті екенін айтады. Айтуларынша, бізге ондай қауіп оңтүстіктегі көрші елдерден келуі де ғажап емес.

«Егер де безгек ауруымен келген адамды безгек ауруын тарататын маса шағып, сау адамға қонса, сол адам безгек ауруын жұқтыруы мүмкін», - дейді Петропавл қаласы Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы эпидқадағалау бөлімінің бас маманы Айсұлу Жапарова.

 Бір қуанарлығы, қалада ондай жағдай кездеспеген. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» деген  мамандар түрлі алдын алу шараларын сақтаған жөн дейді. Олардың ең қарапайымы, дәріханадағы масадан қорғану майларын жағып, серуендеген дұрыс екенін айтады.

 

 31.kz

Хабарламаларға жазылу