Жер реформасы бойынша республикалық комиссия отырысында Халықаралық адам институтының басшысы, комиссия мүшесі Жанұзақ Әкімнің пайымдауынша, ауыл шаруашылығы стратегиясында экономикалық тетік болуы керек.
«Жерге байланысты бізде әртүрлі бағдарламалар болды ғой. Ең бірінші - 1995 жылғы жекешелендіру. Cодан кейін нақты үлкен қадамдар жасалған жоқ. Осы бағыттағы стратегияның ішінде экономикалық тетік болуы керек, егер ол болмай қанша заң қабылдасақ та дағдарыстар туындай береді», - деді Ж. Әкім.
Институт басшысы бұл тұрғыда мал шаруашылығын өсірудегі стратегияның тетіктерін табу керек екенін атап өтті. Сонымен қатар Ж. Әкім ұлттың негізгі ғасырлар бойы өсіріп келе жатқан шаруашылықтарын ұмытпау қажеттігін жеткізді.
«Жерді мәңгі деп қарап, эволюциялық жолмен біртіндеп беру керек. Яғни, барлығын бере салмай, жекеге бергенде де осы ұстанымды ескеру маңызды. Сонда осында тетіктер болса, қабылдайтын заңдарымызда нақтылық ескеріледі. Мұнымен қоса, ұлттық брендтерімізді өсіру керек. Осы ретте жылқы шаруашылығының мәні ерекше», - деді ол.