Басты Жаңалықтар Қазақстанда халық саны 17 млн 733 мың адамнан асты

Қазақстанда халық саны 17 млн 733 мың адамнан асты

Қазақстанда халық саны 17 млн 733 мың адамнан асты

2016 жылдың 1 наурызындағы санақ бойынша еліміздегі халық саны 17 млн 733,2 мың адамға жетті, оның ішінде 10 млн 113,8 мыңы (57%) қалаларда, 7 млн 619,4 мыңы (43%) ауылдарда тұрады. 2015 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда халық саны 257,1 мың адамға немесе 1,47 пайызға артты, деп хабарлайды BNews.kz.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2016 жылдың қаңтар-наурызында туғандар саны 99,4 (2015 жылдың қаңтар-наурызында – 92,1) мың адамға жеткен, бұл 2015 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда 7,9%-ға көп. Туу кезектілігі бойынша бірінші, екінші және үшінші туғандардың үлес салмағы сәйкесінше 31% (32%), 29% (29%) және 19% (18%).

Осы кезеңде қайтыс болғандар саны – 34,4 (33,2) мың адам, бұл 2015 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 3,6 пайызға көп.

2016 жылдың қаңтар-наурызындағы есеп бойынша республикада 1 жасқа дейінгі 1033 (847) нәресте өлімі тіркелді. 2015 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 22 пайызға көбейді.

Көші-қон полициясы органдарының деректеріне сүйенсек, елімізден көшкендер саны 20,3 пайызға көбейіп, 5434 адамға жетті, көші-қон айырымы – 2381 адам. Еліміздегі негізінен ТМД мемлекеттерінен қоныс аударушылар көп. Өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 42,5 пайызы тиесілі. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы (8586 адам) қаласында және Ақмола (320 адам), Қостанай (318 адам), Маңғыстау (291 адам), Павлодар (280 адам), Атырау (83 адам) облыстарында қалыптасты.

Бөлісу