Шардаралық полицейлер екі адамды өрттен сақтап қалды (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардаралық полицейлер екі адамды өрттен сақтап қалды (ФОТО)

14.05.2016
Шардаралық полицейлер екі адамды өрттен сақтап қалды (ФОТО)

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері жергілікті екі тұрғынды өрттен аман сақтап қалды. Олар - Шардара аудандық ішкі істер бөлімінің үш қызметкері, деп хабарлайды otyrar.kz. ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 10 мамыр күні болған. Сол күні кешкі сағат 17.00-де полицейлер Бексұлтан Кеңесов пен Сәбитжан Аязханов жедел тапсырмамен кетіп бара жатып, Шардара қаласындағы Қазыбек би көшесінде орналасқан екі қабатты үйде өрт болып жатқанын көреді. Тәртіп сақшылары дереу көмеккке келіп, пәтер есігін ашпаққа әрекеттенген.

Бірақ, есік іштен ілінген екен. Көршілердің айтуынша, іште адамдар бар. Жанып жатқан пәтердің есігін ашу үшін Аязханов көрші үйден күрек алып келеді, ал Кеңесов осы уақытта кезекші бөлімге өрт жайлы хабарлайды.

Көмекке жүгірген әріптестеріне ювеналды полиция инспекторы Мәди Нұржанов та қосылып, темір есікті күрекпен бұзып ашады. Іштен көмек сұраған дауысты естіп кіргенде, бір бөлмеде есеңгіреп жатқан екі ер адамды көреді. Тәртіп сақшылары 31 жастағы үй иесі мен оның 36 жастағы танысын сыртқа алып шығып, алғашқы көмек көрсетті.

Хабарламаларға жазылу