Шығыс Қазақстандағы орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды

11.05.2021

Шығыс Қазақстандағы орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Кеше түстен кейін Риддер қаласының маңында орман өртене бастады. Бір адам қайтыс болды. Күйік шалған басқа екі адам реанимацияда жатыр. Қызыл жалын жарты күнде 300 гектардай аумақты шарпыды. 


Берік Көшербай, тілші:
Қайырлы күн, студия. Ия, кешеден бері Шығыс Қазақстанда орман өртеніп жатыр. Алғашқыда тұрғындар 101 қызметіне Лесхоз кентінің маңында құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлаған. Көп ұзамай орманның қалың ағашы жана бастап, қауіп төнген соң кенттің кейбір тұрғындарын эвакуациялауға тура келген. Өртті сөндіруге екі тікұшақ, 70-ке жуық арнайы техника, 500 адам жұмылдырылған. Дегенмен, кеше Лесхоз кентінде 35 үй жанып кетті. Екі адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Ал 73 жастағы әйел адамның мәйітін полицейлер осы өртенген аумақтан тауып алды. Риддер қаласының маңындағы өртке байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, арнайы телефон желісі іске қосылды. Осы өрттен көмекке мұқтаж болып қоңырау шалған адамдармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Полиция өрттің шығуына қатысы бар деген күдіктіні ұстап, сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы хабарлады. Тұрғындар көшірілген үйлер тоналмауы үшін 300-ге тарта полицей тәртіпті қадағалап жүр. Бүгін Павлодар және Нұр-Сұлтан қаласынан қосымша көмек ретінде тағы екі тікұшақ жіберілді.

Берік Көшербай

риддер қаласы төтенше жағдай

Хабарламаларға жазылу