Елорда басшысы Әділбек Жақсыбеков қалалық қызметтердің көгалдандыруға дайындығын тексеріп, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының құрылысымен танысты.
Астана әкімі алдымен №1 жылыжай шаруашылығында болды, онда Астананың сәулеттік және пейзажды келбетін қалыптастыруға арналған гүлдер өсіріледі. Гүлзарлар елорданың ерекшелігі, сондықтан әрбір маусымға дайындық мұқият жүргізіледі. Биыл ашық шырайгүл, тагетис, алиссиум, виола, вербена және т.б. бір жылдық гүлдерден басқа, көп жылдық гүлдер, соның ішінде сарыгүлдер, қалампырлар, раушангүлдер мен қызғалдақтар егіледі. Жалпы ауданы 7 мың шаршы м. жерге француз раушан гүлдерінің 6 түрінен 25 мыңға жуық көшет отырғызылады.
«Астана-Зеленстрой» АҚ хабарлауынша осы жылы 148 мың м2 гүлзар жасалады. Гүлзарларды, аспалы және стационарлық вазондарды, кашпоны безендіру үшін 7,5 млн бірлік бір жылдық гүл егіледі. Биыл жазда гүл өсірілетін аумақ 162 мың шаршы м. асады. Елордада 600 мыңнан астам бұталы өсімдік түрлері егіледі. Бұл ретте жасыл көшеттердің 90 пайызы қалада өсіріледі. Гүлдерді отырғызу осы айда басталып, күзге дейін жалғасады.