Павлодарда 72 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 72 отбасы баспаналы болды

19.04.2016
Павлодарда 72 отбасы баспаналы болды

Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

Облыс әкімінің бірініші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов кезекте тұрған 38 қала тұрғынына және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Досым Еңкебаев аталмыш банктің 34 салымшысына жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.

Жаңа пәтердің алғашқы кілті үш бөлмелі №13 пәтердің иесі, №6679 әскери бөлімінің екінші взвод сержанты Қайырболат Әлмұқашевқа берілді.

«Біз бұл пәтерді жеті жыл тостық. Бұған дейін екі бөлмелі пәтерді бір баламен жалға алып тұрғанбыз. Енді міне, осы шаңыраққа екі баламен қоныстанамыз. Пәтердің жалпы құны - 7,5 миллион теңге. Арендалық баспана үшін сегіз жыл бойы ай сайын 40 мың теңгеден төлеуіміз керек, бірақ қарыздан тезірек құтылу үшін шамамыз келгенше көбірек жабатын боламыз. Осылайша, пәтер өзімізге қалады. Жалпы пәтердің көлемі 82 шаршы метр, екі балконы бар. Қоныс тойына электр плитасы сыйлық ретінде берілді. Қуанышымызда шек жоқ», - деді Қ. Әлмұқашев.

Жаңа құрылыстың ауданы 5,9 мың шаршы метр. Тұрғын үйде 36 бір бөлмелі, 18 екі және 18 үш бөлмелі пәтерлер бар. Тоғыз қабатты үйдің құрылысына бюджеттен 466 миллион теңге қаражат жұмсалды. 2016 жылы тұрғын үй құрылысы мен оларға коммуникация жүргізуге бюджеттен барлығы 4,7 миллиард теңге бөлінді.

 

Хабарламаларға жазылу