Қарағандылық оқушы Дарья Андрейченко «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің грантын иеленген алғашқы қазақстандық атанды. Енді ол әлемдегі ең үздік университеттердің бірі - Дьюкте білім алады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқушының айтуынша, ол ҰБТ-ның америкалық аналогы - САТ-қа өз бетімен дайындалып, ағылшын тілінен емтиханды сәтті тапсырған. Сонымен қатар, онлайн-сұхбаттан да сәтті өтіпті. Нәтижесінде, ол әлемдегі үздік оқу орындарынан шақырту алады. Дарья Дьюк университетін таңдаған.
«Бұл университетке 32 мың адамның 1700-і ғана түсе алады. Ал, бұл шәкіртақы әлем бойынша 8 адамға ғана беріледі. Маған университетке түсіп қана қоймай, осы шәкіртақы финалисі атанғаным жазылған хат келген кезде таңырқағаным соншалық, оларға: «Бұл қалжың ба?» деп жауап жазып жібердім», - дейді ол.
ҰБТ нәтижесі оқушының өміріне әсер етпесе де, Дарья қазір сыныптастарымен бірге осы сынаққа дайындалып жатыр. Сонымен қатар, ол мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан мен Ресей чемпионаттарында бірнеше рет жеңімпаз атанған.