Соңғы уақытта қоғамның сынына көп іліккен Алматы хаюанаттар бағының тыныс-тіршілігі «Таңшолпан» бағдарламасында (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы уақытта қоғамның сынына көп іліккен Алматы хаюанаттар бағының тыныс-тіршілігі «Таңшолпан» бағдарламасында (ВИДЕО)

07.04.2016
Соңғы уақытта қоғамның сынына көп іліккен Алматы хаюанаттар бағының тыныс-тіршілігі  «Таңшолпан» бағдарламасында (ВИДЕО)

Роза Саудабаева Алматыдағы хайуанаттар бағында 30 жыл зоотехник  қызметін атқарды. Жыртқыш аңдар бөлімінің меңгерушісі болды. Бүгінде зейнетте болса да, хайуанаттар бағына жиі бас сұғады.

«Әр аң өзінше ерекше. Біз үшін олардың ауырмай жүргені және аңдардан төл алғанымыз үлкен қуаныш. Төлдерді біз баланы баққандай бағамыз. Күнделікті қылықтарын, тамақтану ретін барлығын бақылап отырамыз»,-дейді ол.

Мұндағы қасқырлар жазда күніне 2,5 келі ет жесе, қыста 3 келі ет жейді. Амур жолбарыстарының ұрғашысы тәулігіне 10 келі етпен қоректенсе, еркегі 12 келі етті азық етеді. Ал, төлдеріне бөлек ас әзірленеді.

Зоотехниктердің басты қызметі осы жануарлардың күнделікті рационын бақылау. Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Осы ретте айта кететін жайт соңғы уақытта Алматыдағы хайуанаттар бағындағы жағдайға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында жиі сын айтылып, көптеген мәселелер көтерілді.

Абырой болғанда айтылған сыннан нәтиже шығып,  хайуанаттар бағының болашағына қатысты жағымды жаңалықтар да пайда бола бастады. Оның ең бастысы, бақ алдағы уақытта толықтай қайта жөндеуден өтетін болды.

Бұқаралық ақпарат құралдарына жария етілген мәліметтерге сүйенсек, жаңғырту жұмыстары осы уақытта басталып та кеткен.   Айталық, баққа келушілердің көзіне бірінші кезекте ілігетін кіреберіс жаңартылып үлгерді. Онда қазір билеттер арнайы штрих-кодтармен берілуде. Яғни, жаңғырту жұмыстары жаңа технологияларды енгізуден басталды.

Сондай-ақ, кейбір аң түрлерінің тұрғылықты орындары жаңартылып, суды қажет ететіндеріне жаңа бассейндер салынуда. Су жануарларына арналған аквариумдар да жаңартылуда. Хайуанаттар бағының жанындағы аттракциондар алынып тасталатын болды. Олардың хайуанаттар өміріне кедергі келтірері айтпаса да түсінікті.

Осы мәселеге байланысты өткен баспасөз мәслихатында Алматы хайуанаттар бағына қол ұшын созу қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов хайуанаттар бағындағы аңдардың бүгінгі таңда өмір сүріп жатқан жағдайларының ешқандай да халықаралық талаптарға сай келмейтіндігін айтты.

Сол себепті,  бақ  толықтай жөндеуді қажет етеді. Бұл ретте Алматы әкімдігімен бірлесе отырып, халықаралық және қазақстандық архитекторлармен келісіліп, осы уақытта атқарылып жатқан  жұмыстарды қолға алу жөнінде шешім қабылданған.

Хабарламаларға жазылу