«Екі жоба да шағын ферма салу бағытындағы ілкі жоба аясында жүзеге асырылады»,-деді Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсіпалиев «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Қазіргі таңда ауданда отбасылық шағын фермалар құру жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Осылайша, бүгін аталмыш жобаға қатысуға 90 адам өтініш білдірген.
«Осы жоба аясында 2016 жылы Қобда ауданында құны 263 млн теңге болатын 18 мал бордақылау алаңы мен 5 шағын-сүт және құс фермалары, 3 жылыжай мен 5 шағын наубайхана, қымыз өндіретін цехтар мен өзге де нысандардың жұмысы жолға қойылады деп күтілуде. Шағын фермалар өндіретін бірқатар өнімдерді көрші аудандар мен облыс орталығына жеткізуді көздеп отырмыз. Жылқы сүтін өндіретін бір ғана цехтың қуаты тәулігіне 250 литрді құрайды. Біз қазір Ресейден жеткізілетін құрылғыларды күтіп отырмыз. Жаз мезгілінің ортасына таман пайдалы өнімдерді қолжетімді бағамен дүкендерге жеткіземіз»,-дейді Қобда ауданының әкімі.
Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылығы саласының өнімдерін қайта өңдеу ісін жетілдіру мақсатында сүтті қайта өңдеу кешенін салу жоспарланып отыр. Оның қуаты тәулігіне 10 тонна сүт өндіруге қауқарлы болады. Аталғандармен қоса, макарон мен жергілікті шикізаттардан күнбағыс майын өндіру жұмыстары да жолға қойылады, деп хабарлайды «Ақтөбе ақпарат» орталығы.