Бес күн бойы еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 735 оқушы түрлі бағыттар бойынша сайысты. Жаратылыстану-политехникалық бағытта астаналықтар жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, «Үздік команда» атанды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Олимпиаданың іріктеу турларында барша Қазақстаннан 350 мың оқушы бағын сынады. Ақтық сынға математика, физика, химия, биология, география және информатикадан ең үздік оқушылар өтті.
Техника саласындағы жаңашылдықтар да тыс қалған жоқ. Олимпиаданың ашылу салтанатында оқушылар мен студенттердің инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Соңғы кезеңнің қорытындысы бойынша елордалық оқушылар жаратылыстану-политехникалық бағытта жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды, соның ішінде 5 алтын, 11 күміс және 16 қола медальға қол жеткізді.
Сонымен қатар, екі бала Алматы қаласының Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің грантына ие болды.