Болашақ мамандарды оқытуда заманауи ақпараттық құрылғыларды пайдалану жолдары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болашақ мамандарды оқытуда заманауи ақпараттық құрылғыларды пайдалану жолдары

19.03.2016
Болашақ  мамандарды  оқытуда заманауи ақпараттық құрылғыларды пайдалану жолдары

Елбасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы «Оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды білім беру саласын жақсартуда қолданысын кеңейту керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, болашақ педагогтарды даярлауды ұйымдастыру іс-әрекетінде оқытуды жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланып оқыта алатындай жаңа мазмұндағы арнайы пән немесе арнайы курсты  кірістіре отырып, қол жеткізуге болады.

ХХІ ғасыр – технологиялар ғасыры. Мобильдік құрылғылар,  интернет желілері өмір сүрудің қарапайым күнделікті дағдысына айналып, ақпараттық технология адам өмірінің маңызды бөлшегі болып кірігіп кетті. Сандық қоғам, сандық орта қалыптасты.

Дамыған мемлекеттер технологияларды адам игілігіне пайдалану мүмкіндіктерін мейлінше арттырып жатыр. Интернет желілері педагогтың  әртүрлі бағытта дамуына мол мүмкіндік береді. Мұғалім үйде отырып-ақ,  ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де, шығармашылықпен де айналыса алады. Бұған ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың дамуы мүмкіндік беріп отырғаны баршаға аян.

Әлемдік бәсекелестікке қабілетті мұғалімді даярлау бүгінгі педагогикалық жоғары оқу орындарының  негізгі мақсаты. Яғни жан-жақты, интеллектуалдық күші жетік маман  ұстаздар  болмайынша, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын заман талабына сай маман даярлау мүмкін емес.

Алдыңғы кезекте, мұғалімдердің кәсіби деңгейінің жеткілікті деңгейде  қалыптаспауы  оқушыларды оқыту  тиімділігінің  айтарлықтай төмендеуіне әсер етеді. Қазіргі кезде оқу үдерісін ақпараттық коммуникациялық құралдарсыз көзге елестету қиын. Әсіресе, интернет технологиясы  арқылы оқыту өте танымал болып келеді.

Интернет технологиясы  арқылы оқыту (E-learning) – бұл интернет желісі арқылы оқу үрдісіне қажетті ақпараттың үлкен көлемін тасымалдауды және оқытушы мен оқушы арасындағы интерактивтік арақатынасты жүзеге асырып, осы үдерістерді компьютерлік бақылауға негізделген. 

Электрондық оқыту жүйесін білім саласына енгізудегі басты мақсат –  білім беру үдерісінің барлық құрамдас бөліктерінің үздік білім беру ресурстары мен технологияларына қол жеткізуін қамтамасыз ету. Қазіргі смартфон әлемі белсенді және іскер адамға: кездесулерді ұмытпау, электронды поштаны тексеру, мекен-жайды жазу, көптеген қоңыраулар жасау, ал бос уақытта ән тыңдау, ойындар ойнап, суретке түсу және достарымен бөлісуге мүмкіндік береді.

Бұл күнделікті қызметтердің тек бір бөлігі ғана, осы істерді атқаруға бізге түрлі заттар мен сандық құрылғылар көмектеседі. Олар: ұялы телефон, жазу кітапшасы, аудио-плеер, фотоаппарат, ойын приставкасы. Бірақ, бұл заттардың барлығын үнемі қасыңда алып жүру мүмкін емес.

Электроника дамуының заманауи деңгейі бір корпуста бірнеше құрылғыны біріктіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қолданушыға мұндай көпқызметті құрылғының қызметтер жиынын дербес компьютердегі секілді өздігінен ауыстыруға, орнатуға немесе жоюға мүмкіндік береді.

Жаңа білім ортасы білім берудің жаңа мазмұнынан, оқытудың, тәрбиелеудің, дамытудың жаңа технологиялары мен теориялық ойлауға қабілетті және өз бетінше жетілуге ұмтылған шығармашылық зерттеу қызметіне дайын балалардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға бағытталған оқу-тәрбиелік үдерісін ұйымдастырудың жаңа формаларынан тұрады.

Заманауи оқушылардың жақсы білім алуын, табысты оқуын, ақыл-ойының дамуын жоғары дәрежеде ұйымдастыру егеменді елімізді одан әрі дамытатын азаматтарды тәрбиелеуде маңызды қадам болмақ.    

Ғалия ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу