«Таңшолпанның» қонағы - ақын Маржан Ершу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпанның» қонағы - ақын Маржан Ершу

14.03.2016
«Таңшолпанның» қонағы - ақын Маржан Ершу

Отыз бес жас

Отыз бес жастамын,

Өмір қас-қағым.

Үлкендік ауылына

Жол бастадым.

 

Айнада  шимай жүз,

Бұл адам мен емес, иланғыз!

Ақ шашым көбейген,

Достарым азайған

Мен - жалғыз!

 

Тастың сырын да кеш білдім,

Күн сайын ескірдім.

Дауыл есіріп, нөсер құйғандай

Жүрегім - алапат, көшкінмін.

 

Өртті күндерім! Айқайлы!

Енді адамдар мені  байқайды.

Орда бұзар отыз бес жасым

Жүзімнен әр тайды,

Сол - қайғы.

 

Өткен жыл парағын ашсам,

Қуаныш, сосын, мұңым бар,

Таңдайда қалса шырын-бал

Ащы-тәттімді ұғыңдар.

 

Құлаққа дауыс келгендей, сірә,

Жаназа үні. Өлген кім?

Арманы менен қайғысы жоқ деп

Айта алмас едім өлгеннің.

 

Өлім де әжімдей бетке қонған,

Қашарсың қайда қаңғырып.

Шағынып едім тауға барып,

Дауысым жатты жаңғырып...

Хабарламаларға жазылу