Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбеков «ИКОМ» медалінің иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбеков «ИКОМ» медалінің иегері атанды

11.03.2016
Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбеков «ИКОМ» медалінің иегері атанды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры Болат Жүнісбеков музей саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық музейлер одағының («ИКОМ») төсбелгісімен марапатталды.

Болат Жүнісбеков бұған дейін жиырма жылға жуық Алматы қаласында ішкі саясат пен мәдениет салаларына жетекшілік етіп, бес жылдан астам уақыт Астана қаласында «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешені мен «Астана» сурет галереясында директор қызметін атқарған.

Бірақ, Болат Жүнісбекұлының өзі медаль бірінші кезекте  Ұлы ақын мұражайы ұжымының еңбегіне берілген лайықты баға деп санайды, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ұлы Абай (ИбраҺим) Құнанбайұлының өмірі мен қайталанбас шығармашылығының куәсіндей асыл мұраны көздің қарашығындай сақтаудан асқан абырой жоқ. Соған орай, хәкім Абайдың енді бес жылдан кейін болатын торқалы тойына дайындықты қолға алған мұражай ұжымы өз алдарында тұрған зор жауапкершілік жүгін терең сезінеді.

Б.Жүнісбековке «ИКОМ» медалін оның Қазақстандағы Ұлттық комитетінің атынан республикамыздың Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітқан Мұңалбаева тапсырды.

Ол Семейге келген іссапарында Абайдың Жидебайдағы, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйлерін аралап көрді және ұлы ақынның өміріне қатысты тарихи орындармен танысып, ұлы ақын музейі шырақшыларының қызметіне шын жүректен «Тағы бір оралып көруге асықпын» деген жылы лебізін білдірді.

Хабарламаларға жазылу