Қазақстандық ауыр атлет Фаина Сиванбаева өмір бойына спорттан шеттетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық ауыр атлет Фаина Сиванбаева өмір бойына спорттан шеттетілді

11.03.2016
Қазақстандық ауыр атлет Фаина Сиванбаева өмір бойына спорттан шеттетілді

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы IWF зертханалық допинг-бақылау сараптамаларының негізінде қазақстандық спортшы Фаина Сиванбаеваны өмір бойына барлық деңгейдегі спорттық шаралардан шеттетті.

Фаина Сиванбаева 2012 жылы допингпен ұсталып, спорттық шаралардан 2014 жылға дейін шеттетілген.

2015 жылы 7 қыркүйекте Таиландта өткен ауыр атлетика бойынша Азия чемпионатының қорытындысы бойынша спортшыдан алынған допинг-бақылаудың «А» сынамасында тыйым салынған заттардың болғаны анықталды. Ішкі тергеу қорытындысы аталған препаратты әдейі қолданғанын көрсетті.

Сондай-ақ, Фаина Сиванбаеваға 2015 жылдың 5 қазанда өткен Қазақстан Спартакиядасында тыйым салынған препаратты қолданған деген айып тағылған болатын.

Осыдан кейін, Халықаралық тәртіптік кеңес спортшыны өмір бойына жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады.

«Ауыр атлетика федерациясы допингпен күресуде түрлі шаралар қабылдап жатыр. Фаина мұндай заңсыздыққа үшінші рет барып отыр. Сондықтан, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы  осындай қатал шараны қолданып отыр», - деді ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин.

 

inform.kz

Хабарламаларға жазылу