Елордада мереке күндері қайырымдылық шаралары өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада мереке күндері қайырымдылық шаралары өтеді

04.03.2016
 Елордада мереке күндері қайырымдылық шаралары өтеді

6-8 наурызда Astana Mall сауда, ойын-сауық орталығында «Әйелдерге гүлдер, балаларға балмұздақ» көрме-жәрмеңкесі өтеді. Шара күн сайын сағат 10:00 басталып, 21:00 дейін жалғасады. Жәрмеңкеде жиналған қаржы сал ауруына шалдыққан және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қайырымдылық көмекке жұмсалады, деп хабарлайды astana.gov.kz сайты.

Қала тұрғындары отбасыларымен демалып, шетелден келген сарапшылардың шеберлік-дәрістеріне қатыса алады, қызықты тауарлар мен бүкіл отбасыға арналған киімдер сатып ала алады. Сондай-ақ, балаларға арналған интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылады. Көрме-жәрмеңкеде 67 компания тоғыз сала бойынша өз өнімін ұсынады.

Сонымен қатар, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 5-8 наурыз аралығында «Внеси цвет в жизнь детей!» қайырымдылық шарасы өтеді. Күн сайын сағат 09.00-18.00 аралығында «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы тұрақта волонтерлар елордалықтарға әдемі қызғалдақтар ұсынады. Гүл шоқтары нарықтық бағамен сатылады, бірақ түскен қаржы ауыратын балалар үшін оңалту қондырғысын сатып алуға жұмсалады.

Ертең, 5 наурызда, сағат 10:30 «Керуен» СОО мүмкіндігі шектеулі жандар қолдан жасаған бұйымдардың көрме-сатылымы өтеді. Онда қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестіктері өз өнімдерін ұсынады. Елордалықтар саздан, ағаштан, теріден жасалған бұйымдар мен ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен бисерден жасалған әшекейлер сатып ала алады.

Ал 6 наурызда қала тұрғындары сағат 12.00-17.00 дейін «Бочонок» мейрамханасында (Республика даңғылы, 33А)күні жетпей туылған балаларға киім тоқу үшін жиналады. Дайындалған бұйымдар Қазақстан бойынша неонатология бөлімдеріне таратылады. Адамдар өздерімен бірге жіп (100% жүн немесе балаларға арналған кез келген жіп) пен шұлық тоқуға арналған біз ала келуі керек.

Осы күні «Рахмет» сауда орталығында үшінші қабатта сағат 14.00-20.00 дейін мерекелік қайырымдылық жәрмеңке өтеді. Елордалықтар қолдан жасалған бұйымдарды, кәдесыйлар, кітаптар, ойыншықтар сатып ала алады. Сонымен қатар, балалар үшін қызықты шеберлік дәрістері өткізіледі. Жиналған қаржы Астана қаласы балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көмекке және мерекелер ұйымдастыруға жұмсалмақ.

Хабарламаларға жазылу