Астанада Конституция күніне орай 50-ден астам шара өткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Конституция күніне орай 50-ден астам шара өткізіледі

21.08.2014
Астанада  Конституция күніне орай 50-ден астам шара өткізіледі

28 тамызда Астанада «Конституция  қоғам мен мемлекеттің дамуының стратегиялық негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл туралы «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығы хабарлады, деп мәлімдеді astana.kz.

Сонымен қатар, Конгресс-Холл сарайында көпшілік назарына мерекелік концерт ұсынылады. 29 тамызда Бейбітшілік және Келісім сарайында мемлекеттік мерекеге арналған салтанатты жиналыс пен концерт ұйымдастырылады.

30 тамызда Орталық алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт қойылады. Елордалық білім мекемелері, мұражайлар мен кітапханаларда да мерекелік іс-шаралар, атап айтқанда, экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, тақырыптық кештер ұйымдастырылады.

Қалалық балалар кітапханалары кішкентай астаналықтарға арналған танымдық тақырыптық кештер өткізеді. Экспозицияларда Ата Заңымыздан үзінділер келтірілген, сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік нышандары туралы жазылған иллюстрацияланған журналдар қойылады. 

Елордада тамыз айында ҚР Конституциясының 19 жылдығын атап өту аясында халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына бағытталған әлеуметтік маңызды іс-шаралар өткізіледі. Зейнеткерлерге 3 мың теңге көлемінде бір реттік ақшалай көмек көрсетіледі.

Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық мекемеде «Наз» би театрының қайырымдылық концерті өтеді. 29-30 тамызда сауда орталықтарында мерекелік жеңілдіктер жасалады.

Конституция күні кәмелетке толған елордалықтардың да жадында қалмақ. Дәстүр бойынша оларға салтанатты жағдайда Қазақстан азаматының жеке куәлігі табысталады.

Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жастар акциялары мен флеш-мобтар, балалар арасында асфальтқа сурет салу байқаулары мен спорттық шаралар, жарыстар ұйымдастырылады.

ҚР Конституция күніне арналған шаралар Мичурино, Заречный, Ильинка, Көктал тұрғын алабтарында да өтеді. 

Хабарламаларға жазылу