Бүгін – жазушы Жолтай Әлмашұлының туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – жазушы Жолтай Әлмашұлының туған күні

14.02.2016
Бүгін – жазушы Жолтай Әлмашұлының туған күні

Танымал жазушы Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» атты пьесасына  замандастары «Жер бетінде тарыдай шашылып жүрген бар­ша қазаққа қойылған рухани ескерткіш», деп баға берді.

Жолтай   Әлмашұлы – соңғы он жылдан аса уақыттан бері драматургия жанрына батыл бет бұрып, «Бақа бейнелі бала», «Тірі жан», «Бәйтерек басындағы кездесу» атты жиырмаға жуық драмалық шығармалар жазған қаламгер. Бұл пьесаларының бірқатары  Қызылорда, Түркістан, Жетісай, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы сазды-драма театрларында сахналанған.

Жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы 1957 жылы 14 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылында дүниеге келген.

1974-1979 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыды. 1979-1989 жылдары Қызылорда облысында газеттерде, комсомол жұмысында болды. 1989-1991 жылдарда  Алматы жоғары партия мектебінде оқыды.

1991 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің аппаратында, Президент пен Үкімет апараттарында референт, консультант, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары секілді қызметтер атқарып келді.

«Балдырған» журналының жабық бәйгесінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Түркістанның 1500 жылдығына арналған әдеби шығармалар бәйгесінде жүлделі болған. Сонымен қатар,   «Тәуелсіздік толғауы» байқауының екі дүркін жеңімпазы. Яғни,  2009 жылы «Жапон аруының арманы» драмасы үшін екінші орынды иеленсе, 2011 жылы «Ай астындағы алтын шаһар» драма – элегиясы үшін жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған көркем шығармалар бәйгесінде «Оянған ұрпақ» атты  романы жүлдегер атанды. 

Қаламгердің «Біздің команда», «Күн тәртібі», «Жетім жұлдыздар», «Сұлтанбек Қожанұлы», «Нәзір Төреқұлұлы», «Найзашың», «Әуезовке қайта оралу», «Қызыр қонған Түркістан», «Сұлуды сүю», «Қасиетті мекендегі қала», «Ахмед Ясауи қаласы», «Әзірет Сұлтан аңызы», «Зов свободы» атты кітаптары жарық көрген.

«Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Күлкі мен жас», «Ақбоз үйдегі алты қыз» романдарының, бірнеше драмалық шығармалардың авторы.

Хабарламаларға жазылу