Бүгін Астанада Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты шығармашылық кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Астанада Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты шығармашылық кеші өтеді

08.02.2016
Бүгін Астанада Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты  шығармашылық кеші өтеді

Бүгін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, композитор, журналист Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты  шығармашылық кеші өтпек.

Соған орай кеш иесі мен әуесқой әнші, композитор Ерланхан Данияр бүгін «Таңшолпанда» қонақта. Айта кету керек, Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты  кітабы да жарық көрді.

«Көңіл деген кіршіксіз дүние. Қазақтың «Көңіл бір атым насыбайдан қалады»,-деген сөзі бар. Қазақ тағы айтады: «Күлкі – ашылған гүл, Көңіл – шашылған нұр». Көңіл – нәзік перне. Дұрыс баспасаң, өкпеге айналып кетуі мүмкін. Менің бір әнімде айтылатындай:

«Бұл фәниде қашан да өмір қымбат,

Өмір қымбат, адами сенім қымбат.

Байлығынан, дүние, бәрінен де,

Көңіл қымбат, көңіл қымбат». Сондықтан, бір-бірімізге кіршіксіз көңіл арнап жүрсек,  ұтарымыз көп»,-дейді сазгер.

Шығармалары  мектеп оқулығына басылып жүрген қаламгердің «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» деген кітаптарын да мектеп оқушылары оқулық ретінде пайдаланады.

Жалпы, ұқыпты сөйлеу дегенді түсіндіріп берген жазушы: «Жай ғана интонацияны дұрыс қолданбасаңыз, сөзіңіз басқаша шығады. Дұрыс сөйлеу – жинақы, ойланып барып сөйлеу деген сөз. Сөзді шуақты жеткізбесе, адам ұтылады. Конфуцийдің бір сөзі бар: «Жанында Күні бар адамның басына бұлт түскен кезде де, Күні көрініп тұрады», деген. Сол Күнімізді жоғалтпай жүргенге не жетсін?!»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыз.

Хабарламаларға жазылу