Петропавлда 2016 жылы бірқатар спорт нысандары салынады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Дене тәрбиесі және спорт басқарма басшысы Руслан Есеналин хабарлады.
«Бүгінде СҚО-да дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде 162,2 мың адам (облыс халқының жалпы санының 28,4 пайызы) айналысады. 2014 жылмен салыстырғанда, 1,9 пайызға немесе 10,3 мың адамға артқан.
Дене тәрбиесі және спортпен белсенді айналысуға арналған 2738 спорт ғимараты бар. 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылы спорт желілері 345 бірлікке ұлғайды», - деп мәлімдеді Р.Есеналин.
Есеналиннің айтуынша, Петропавл қаласында бірегей теннис орталығын салуға жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама тарапынан оң бағаланды. Құны - 700 миллион теңге. Теннис орталығының ғимараты 1000 орындық.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы облыс аумағында футбол, шағын футбол алаңдары мен тренажерлер орнату жалғасын табады. Атап айтқанда, 8 футбол алаңы, 35 шағын футбол алаңы, оның ішінде жасанды жамылғымен 18 шағын футбол алаңы, 23 волейбол, баскетбол алаңы және 16 тренажер кешендерін салу жоспарланған. Оның ішінде Петропавл қаласында жасанды жамылғымен 5 шағын футбол, 3 тренажер кешені бар. Айыртау және Тимирязев аудандарында жабық хоккей корттары салынбақ.