«Дара жолда» - Жеңіс Кәкенұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дара жолда» - Жеңіс Кәкенұлы

06.02.2016
«Дара жолда» - Жеңіс Кәкенұлы

Суретші Жеңіс Кәкенұлының шығармашылығы турасында жазушы Айгүл Кемелбаева былай дейді: «Жеңіс Кәкенұлы жылқы баласының бекзаттық болмысын адамзатқа тели беру арқылы бауырмалдық, біртұтастық идеясын айқындайды».

Туындыларына жылқыны арқау еткен суретші «Жылқы - қазақ халқын сонау бағзы замандардан күні кешегі XIX ғасырға дейін өркениетке қарай бастаған жануар. Ал енді рухани құндылықтар саябырлаған мына ғасырда да бізді алға жетелейтін осы жылқы болады деп ойлаймын.

Басқа суретшілер жылқыға адамды мінгізіп суреттесе, мен жылқыны адам деңгейіне көтердім. Жылқы арқылы мен қазақ халқының қуаныш-қайғысын, тарихи болмысын көрсетуге тырыстым», - дейді.

2008 жылдан бастап тек жылқының суретін салумен айналысып келе жатқан суретші бүгін 21:00-де «Дара жолда» қонақта.

Біздің анықтама:

Суретші  Жеңіс Кәкенұлы 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1989 жылы, Абай атындағы ҚазПИ-дің көркем-сурет графика фактультетін бітірді.  1989-2005 жылдары республикалық «Ақ желкен», «Ай», «Зерде», «Тураби» журналдарында, «Мәдениет» газетінде суретші болып жұмыс істеді.

1988 жылдан бері еліміздегі  көрмелерге, сондай-ақ, АҚШ, Германия, Түркия елдерінде көрмелерге қатысқан. 2000 жылғы «Мәдениетті қолдау жылы» белгісінің авторы.

Алматы, Астана қалаларында жеке көрмелер ұйымдастырды. Картиналары Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Қазіргі заман өнері музейінде, Президенттік мәдениет орталығында сақтаулы. Еліміздің және  шет елдердің /Молдавия, Германия, Түркия/ жеке картина жинаушылар қорында да суреттері бар.

Қазақстан  суретшілері Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Президенттік степендия иегері. Суретшілер туралы жазылған «Ақ зер» кітабының авторы.

2014 жылы Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында «New York Realism» fine art компаниясы ұйымдастырған конкурстардың «Қала көріністері» («Сityscape») аталымы  бойынша «Алтын қыран» медалінің иегері.

«Фолиант», «Елорда», «Аударма», «Сөздік», «Полиграфкомбинат» секілді баспа үйлерінде екі жүзге жуық кітаптың мұқабасын безендіріп, жарыққа шығарған.

Хабарламаларға жазылу