«Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты ұлттық байқау жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты ұлттық байқау жарияланды

02.02.2016
«Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты ұлттық байқау жарияланды

Бүгін Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайы тарихи жанрдағы бейнелеу өнері бойынша «Бабалар аңсаған Тәуелсіздік» атты ұлттық байқаудың басталғандығын жариялады.

«Біз мұражай қорында қазақ халқының тарихын бейнелейтін туындылардың жеткіліксіз екендігін түсіндік. Кез-келген тақырыптың көркемдік-бейнелік тұрғыда көрсетілуі ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелуде үлкен маңызға ие. Сондықтан, тарихи жанр - өнер саласындағы өте бір күрделі жанрлардың бірі. Бұл жерде көптеген материалдарды зерттеуге, зерделеуге тура келеді. Сол үшін де бұл байқау осы жанрдың дамуына серпін береді деген үміттемін», - деді баспасөз мәслихаты барысында музей директоры Гүлмира Шалабаева.

Мұражай директорының ғылым бойынша орынбасары Евфрат Мамбеков Қазақстанның қазіргі заманғы өнерінде  үйреншікті, дағдылы образдар қалыптасқандығын және сюжеттердің аз екендігін айтты. 

«Меніңше, бұл байқау жаңа драмалық сипатқа ие образдар мен ата-бабаларымыз қатысқан тарихи оқиғалардың көркемдік бейнесінің қалыптасуына септігін тигізеді. Сондықтан да байқудың мақсаты -  маңызды тарихи оқиғалар мен тұлғаларды көркемдік-бейнелік тұрғыда зерделеу және оларды беру тәсілдері арқылы патриоттық тәрбиеге ықпал ету. Сондай-ақ, суретшілер арасында бәсеке тудырып, бейнелеу өнері шеберлерінің кәсіби көркемдік деңгейін көтеріп, жетілдіру », - деді Е. Мамбеков.

Байқауға суретшілер де мүсіншілер де қатыса алады. Байқау шарты бойынша туындыларда қазақ халқының тарихында 20-шы ғасырдың басына дейін орын алған нақты тарихи оқиғалар көрініс табуы тиіс. Бұл жерде аса көп айтылмай келген оқиғаларға баса мән беріледі.

Сондай-ақ, байқау шарттары Ә.Қастеев атындағы мұражайдың сайтында жарияланады. Байқау 2016 жылдың 15-ші желтоқсанында Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының залдарында ұйымдастырылатын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмемен аяқталады.

Хабарламаларға жазылу