Павлодарлық бір тонна ет консервісі Мәскеуге экспортталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық бір тонна ет консервісі Мәскеуге экспортталды

25.01.2016
Павлодарлық бір тонна ет консервісі Мәскеуге экспортталды

Май ауданының «Ақжар-Өндіріс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір тонна бұқтырылған ет консервісін Мәскеу қаласына экспортқа жіберді.

Ондағы мәліметке жүгінсек, ет экспорты туралы агенттікке кәсіпорынның қаржы директоры Гүлзира Қазылова мәлім айтқан. 

«Бұған дейін көрші елге жарты тонна тауар жіберілген болатын. Алдағы уақытта ресейліктермен сауда байланысын нығайта түсу жоспарда бар. Мәскеулік «Мирофарм» ЖШҚ консервілердің әртүрлісіне таңдау жасап, өз көліктерімен алып кетті. Жылқы етінен әзірленген тағам – 400 теңгеден, сиыр етінен – 380 теңгеден және қой еті консервісі 350 теңгеден сатылды, - дейді Г. Қазылова. 

Қаржы директорының айтуынша, бүгінде цехта тәулігіне бір-бір жарым тонна консерві жасалады. Сонымен қатар, отандық өнімге ішкі нарықта да сұраныс жоғары. Мәселен, Маңғыстау және Атырау қалаларынан да 10 тоннаға дейін ет консервілеріне тапсырыс түскен. Дегенмен, тұтынушыларға тауар алдын ала қаржының нақты бір бөлігі қолға түскеннен кейін ғана жөнелтілмек. 

Еске сала кетейік, Май ауданының Көктөбе ауылындағы агрофирма жылқының «Жебе» және қойдың қылшық жүнді тұқымын өсіреді. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие кәсіпорын ешкі өсіруді де қолға алған. Консервіленген етке арналған шикізат өзгеден емес, кәсіпорыннан алынады. Қазіргі таңда шаруашылықта 4 мың 200 қой, 2 мың 600 таулы Алтай тұқымдас ешкі және 1760 жылқы бар. 

Хабарламаларға жазылу