CES 2016: BMW сыртқы айнасы болмайтын i8 Mirrorless көлігін таныстырды (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

CES 2016: BMW сыртқы айнасы болмайтын i8 Mirrorless көлігін таныстырды (ФОТО)

08.01.2016
CES 2016: BMW сыртқы айнасы болмайтын i8 Mirrorless көлігін таныстырды (ФОТО)

BMW компаниясы Consumer Electronics Show 2016 көрмесінде i8 Mirrorless концепт көліктерін ресми түрде таныстырды. Автокөліктің аты айтып тұрғандай, онда арттағы көріністі көрсететін дәстүрлі айналар болмайды.

Жүргізуші көліктің артында не болып жатқанын салондағы орталық айнаның орнына орналасқан дисплей арқылы көре алады. Сыртқы екі айнаның орнына арнайы камералар орнатылған. Олар Gorilla Glass шынысы бар объективпен жабдықталған.

Сонымен қатар, тағы бір камера артқы терезенің жоғарғы бөлігінде болады. Үш камерадан түскен барлық ақпарат өңделіп, дисплейге беріледі. Осы арқылы көліктің артында және жан-жағында болып жатқан барлық бейнені бір ғана дисплейден тамашалауға болады. Осыған қоса, жүргізушілерге көрінбей қалатын «соқыр аймақтар» мәселесі шешіледі.

Ұзындығы 300, ал биіктігі 75 мм болатын дисплей интеллектуалды жүйе арқылы жұмыс істейді. Бұл жүйе жолдағы барлық жағдайларды есептеп, қауіпті кезде ескертіп отырады. Мысалы, егер жүргізуші алда келе жатқан көлікті озғысы келіп, шеткі бұрылыс сигналын қосса, ал камера сол сәтте артта келе жатқан көлікті байқап қалса, онда бірден ескерту жасайды.

Айта кетейік, цифрлі айна идеясы жаңа емес. Бұл технологияны 2014 жылы Cadillac өзінің CT6 седанында пайдаланған еді. Осыған ұқсас айналармен басқа да компаниялар жұмыс жүргізіп, өз көліктерін тәжірибеден өткізіп жатыр. Сонымен қатар, қазіргі кезде кәдімгі айна мен цифрлі дисплейді бірге пайдалану нұсқалары да бар.  

Хабарламаларға жазылу