Ерболат Досаев: Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерболат Досаев: Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланған

09.12.2015
Ерболат Досаев: Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жоспарланған

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдегендей, Жалпыұлттық жоспар жобасы 10 жылға арналған мақсатты индикаторларды және бес негізгі бағыт бойынша 39 іс-шараны қамтиды.

«Жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін әзірленген Дағдарысқа қарсы жоспар Мемлекет басшысының 2015 жылғы 18 қарашадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген барлық тапсырмаларын қамтиды. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы жоспар «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберіндегі реформаларды тереңдету жөніндегі шараларды, 2015-2016 жылдарға арналған жедел шаралар мен «ерекше кезең», сондай-ақ экономиканы долларсыздандыру жоспарларының өтпелі іс-шараларын қамтиды», - деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, Дағдарысқа қарсы жоспар екі бөлімнен тұрады: Мемлекет басшысы Жолдауында айқындаған бес негізгі бағыт шеңберінде жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру; экономика өсімін ынталандыру және несиелеу бойынша жедел шаралар.

Өз кезегінде, бірінші бөлім қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, экономикалық бәсекелестік, жекешелендіру және ынталандыру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат бойынша шараларды қарастырады.

Атап айтқанда, зейнетақы активтерін инвестициялау әдістері қайта қаралып, 2016 жылдың шілдесіне дейін зейнетақы қорлары активтерін жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына тапсыру тетіктері жасақталады.

2016 жылдың сәуіріне дейін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын және 2016 жылдың тамызына дейін жаңа редакциядағы Бюджеттік кодекс жобаларын әзірлеу жоспарланған.

Мемлекет басшысының экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекет иелігінен шығару және жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілетін болады. 2016 жылдың ақпанында еліміздің экономикасына инвестициялар тартуды жандандыру үшін ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шараларды қарастыратын Толық жоспар қабылданады.

Хабарламаларға жазылу