Көңіл-күйдің бірден түсуі - адам өміріне қауіпті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көңіл-күйдің бірден түсуі - адам өміріне қауіпті

09.12.2015
Көңіл-күйдің бірден түсуі - адам өміріне қауіпті

Ғалымдардың айтуынша, депрессия мен  көңіл-күйдің құбылмалы болуыауыр сырқатқа шалдығу мүмкіндігін жоғарылатады.  Бұл тек үлкендерге ғана емес, жасөспірімдерге де қатысты.

Адам депрессияға түскен кезде қамығып, тығырықтан шыға алмайтындай күй кешеді. Өмірге деген қызығушылығын жоғалтып, болашағы бұлыңғыр сияқты көрінеді.

Ал, құбылмалы көңіл-күй  – психологиялық әткеншек сияқты. Яғни, адамның көңілі бірден өзгеріп кетеді. Мұндай кезде күш-қуаттың орнын әлсіздік басып, тәбет қашады. Сондай-ақ, жайдарлы көңіл-күй бірер сәтте мұң мен ашушаңдыққа айналуы мүмкін.

АҚШ-та психиканың бұзылуы жастар арасында кең таралған. Америкалық жасөспірімдердің, шамамен, 10 пайызында  депрессия мен құбылмалы көңіл-күйдің белгілері кездеседі  екен.

Жуырда америкалық кардиология қауымдастығы зерттеу жүргізіп, депрессия мен құбылмалы күй салдарынан пайда болатын ауруларға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Олар – қан қысымының көтерілуі, семіздік, холестерин деңгейінің өсуі, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы.

Ғалымдар адамның психикасы бұзылған кезде салауатты өмір салтын ұстанбай, алкогольдік ішімдіктер мен денсаулыққа зиянды тағамдарды тұтынып, темекі тартып, көп қозғалмайтынын айтады.  Бұл – жоғарыда аталған сырқаттардың пайда болуына түрткі болады.

Сондықтан  мамандар депрессия мен құбылмалы көңіл-күйде жүрген жасөспірімдерге кардиологқа қаралу керек дейді.

 

 

 

Интернет материалдарынан алынды 

ФОТО: medspravkaufa.ru

Хабарламаларға жазылу